«Жанаттың жанайқайы» - баспасөзге шолу
***
«Маңғыстау облысында әлеуметтік желіні «жарып», жұртшылықты дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Бейнеу аудандық ауруханасынан шу шықты. Бейнеу ауданының тұрғыны Жанат Қалдыбаева фейсбук әлеуметтік желісінде Бейнеу аудандық ауруханасы жағдайының сын көтермейтіндігін, төсек-орындардың лас және мезгілінде ауыстырылмайтындығын, емделушілерге тамақ күніне бір рет берілетіндігін жеткізді. Жанат жанайқайымен жұрт назарын өзіне аударды». «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде елді елең еткізген бұл мақала «Жанаттың жанайқайы» деп аталады. Шындығында, ХХІ ғасырда, қарыштап дамыған Маңғыстау өңірінде орын алып отырған осындай сұмдықты бұрын кім көрген? Бақсақ әлгі әлеуметтік желідегі мәселеге қатысты журналистер арнайы барып, жағдайды көріп те қайтқан екен. Аурухана басшылығы төсек жабдықтарының тез тозатынын айтып, тамақтың бір мезгіл ғана берілетіндігін қаржының жетіспеушілігімен түсіндірген екен. Маңғыстаудағы бұл оқиғаның немен аяқталғаны газеттің бүгінгі санынан оқи аласыздар.
Ал бүгінгі санындағы «Сараңдық, күндестік, қызғаныш» атты мақалада автор жұрт бойындағы осындай теріс мінезге қатысты әңгіме өрбітіп, «бұл бізді қайда апарады?» деген мәселені көлденең қояды. Абайдың үшінші қара сөзін келтіре отырып, мақалада «Ешкімге достығы жоқ адамдар тек қаскүнемдікті ғана ойлайды. Олар тек өзім ғана болып-толсам деп армандайды. Мұндайлардың маңайындағыларға көлеңкесі түспейді» деп ой сабақтайды.
* * *
«Айқын» газетінің сәрсенбі күнгі санында «Қазақстаннан үлгі алатын кез жетті» атты мақала жарияланды. Онда адамзаттың түбіне жетуі мүмкін жойқын қаруға, әлемге өлім уын себетін ядролық қаруға қатысты талдаулар жасалып, мұндай қарудан әлі күнге ешбір елдің қоштасқысы келмей отырғанына назар аударылады. «Неге әлем елдері жаппай қырып-жоятын қарудан біржола құтылғысы келмейді? Иә, неге? Жауап қарапайым. Бір мемлекет үшін қуатты қару өзгеге әлімжеттік жасайтын дойыр, ал екінші бір ел үшін күштіден қорғанар қалқан. Бар гәп осында жатыр. Атом қаруы тек қара ниеттi жандардың қолына түспесін. Онда адамзатты кезекті қырғын күтіп тұр дей беріңіз...» деп жазады автор. Бұдан бөлек, мақалада атом қаруын сынаудан қасірет шеккен қазақ даласының кешегі саясаттың салдарынан әлі күнге арыла алмай келе жатқаны баяндалады. «Бүгінге дейін көпшілік біле бермейтін, аса құпия сақталып келген Тянь-Шань тауының Қазақ еліне қарасты өңірінде 1976 жылы 6 тамызда ядролық мина сынақтан өткенін бұдан бұрын жазғанбыз. Онда 1969 жылдың наурыз айындағы Даман аралында, одан кейін тамызда Қазақстандағы Жалаңашкөл маңында (Қытай мен КСРО-ның қақтығысынан кейін) жасалды. Мәскеу Қытай тағы шабуыл жасай қалса, шекарадан асырмай жою үшін бүкіл шекара бойына ядролық минадан белдеу жасауды қолға алмақ болған еді» деп жазады автор.
Ал «Теңге тұрақтанып, экономика еңсе түзе келеді» атты мақалада бүгінгі елдегі экономика һәм қаржы жағдайына талдау жасалады. «Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13 пайызға дейін төмендетті. Бұл инфляция деңгейін жыл соңына дейін 6-8 пайыз көлемінде ұстап тұруға мүмкіндік береді» делінген мақалада. Басылымның жазуына қарағанда, соңғы уақытта халық қолдағы валютасын теңгеге қарай айырбастай бастаған. Бұл ұлттық валютаға сенімнің артып отырғанын білдірсе керек. Ал сарапшылардың айтуынша, бұның өзі ұлттық экономиканың жаңа талаптарға енді ғана бейімделіп келе жатқанын білдірсе керек.
***
Қызылорда облысында «бұхар бұландары» пайда болуы мүмкін Бұл туралы «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Оңтүстік Қазақстан облысы Табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Мұхит Отаршиев хабарлаған. «Бұхар бұландарының Сырдария маңындағы тіршілік ету ортасын қалпына келтіру турал бастама біраз адамдарға белгілі. Қазіргі күні Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркінде бұхар бұланының 108 түрі өсіп жатыр. Тіпті биыл олардың саны артып отыр», - дейді сұхбаттасушы. Оның айтуынша, құрып бара жатқан осы жануардың санын арттыру мақсатында биыл тағы бір питомникті құруға бионегіздер жасалған. Ол Сырдария өзенінің жағалауына жайғасады. Осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралар туралы толық сұхбатты «Лунных ландшафтов нельзя допустить» атты «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.