Жаңажылдық корпоратив кешінің бағасы қанша

Биыл мерекелік кештердің бағасы жылдағыдай әртүрлі болып тұр. Мәзір мен арнайы бағдарлама ұсынған мейрамханалар 10 мың  теңге және одан жоғары бағаға құрылған қызмет түрін ұсынады. Kazinform агенттігінің тілшісі өңірлердегі жаңажылдық корпоратив кешінің бағасын салыстырды.

Жаңажылдық корпоратив кешінің бағасы қанша
Коллаж: Kazinform/ Canva

Жаңажылдық кеш жақындап келеді. Демек мейрамханалардағы шоу бағдарламаға сұраныс та артады. Ұжымдық басқосу құны еліміздің әр өңірінде әртүрлі. Тек шақырылған өнер жұлдыздары мен бағдарламасына, ас мәзіріне қарай алдын ала тапсырыс беріп үлгеру керек.

Баға бір қаланың өзінде әртүрлі болып тұр. Көңіл көтеру орындарының деңгейі, сыйымдылығы мен шоу бағдарлама, оның ішінде Аяз ата мен ақшақардың қызметіне қарай құны да белгіленеді.

Біз жаңажылдық кештің орташа бағасын білдік. Екі ыстық тамақ, үш-төрт салат, тіскебасары мен жеміс-жидек, арнайы бағдарламасы бар дастархан құнын қарастырдық. Оған ішімдік бағасы қосылмайды.

Еліміз бойынша ең қымбаты – Алматы қаласында. Кейбір көңіл көтеру орындарында баға кем дегенде 30 мың теңгеден басталады. Бағдарламаға мол дастархан, шоу бағдарлама мен түрлі байқау, би алаңы кіреді. Қолжетімді жаңажылдық кештер кейбір мейрамханада 50 мың теңге болып тұр. Қалада 100 мың және одан да жоғары бағада жаңажылдық кеш ұйымдастырып жатқан мейрамхана, клубтар да табылады.

Алматы қаласында адам басына 120-150 мың теңге болатын жаңажылдық корпоратив ұйымдастыратын демалыс орындары өз мәзірі мен шоу бағдарламасын ұсынады.

Астана мен Қарағандыда баға шамалас. Елордада бағасы қолжетімді мейрамхана табу қиынға түсті. Дегенмен әр адамға 20-25 мың теңге болатын бағдарлама ұсынатын орындар бар. Ал көбі 50-70 мың теңгелік жаңажылдық корпоратив кешін ұсынады. Қызмет құнына сусын мен ішімдік кіреді. Оған көп аса шектеу қоймайды. Астана қаласында компаниялар қызметкерлерінің шығынын ішінара немесе толықтай өтеп береді. Ал егер ішінара өтесе, адамдар 20-30 мың теңге төлейді. Қарағандыдағы көп мейрамхана мен түнгі клуб жаңажылдық кеш бағасын 20-50 мың теңге деп бекіткен. Байқаулар ұйымдастырылады, арнайы шоу бағдарламасын ұсынады. Ал сусын мен шырынды, ішімдікті келушілер өздері қосымша алып барады.

Шымкент пен Жезқазғанда жаңажылдық кештің орташа бағасы шамамен 30 мың теңге. Жезқазғанда баға Қарағанды қаласына ұқсас. Қазір жаңажылдық кешке 20-40 мың теңге төлеуге болады. Бұл қызмет құнына шырын мен ішімдік ақысы кірмейді. Шымкентте ұжымдық кешке 13-17 мың теңге төлеуге болады. Мұнда көп тараған мәзір ұсынады, би алаңы да бар. Сонымен бірге 100 мың теңгелік жаңажылдық кешті де кезіктіреміз. Көбіне ұжымдар әр адамға 20-45 мың теңге болатын демалыс орындарын таңдайды. Қызмет ақысына мол дастархан кіреді. Онда ыстық тамақ, тіскебасар мен кей жерде бағасы қолжетімді ішімдікті де қоса есептейді. Мәдени бағдарламаға DJ, көңілді шоу мен жаңажылдық безендіру кіреді. Еліміздің оңтүстік мегаполисіндегі кейбір демалыс орындары алдын ала ақы сұрамайды, депозит бекітпейді. Тек мәзір бойынша тапсырыс беру жеткілікті.

Жаңажылдық корпоратив кешінің бағасы қанша
Инфографика: Kazinform

Қостанай қаласындағы орташа баға – 24-30 мың теңге. Сонымен бірге 70 мың теңге болатын жаңажылдық кештің бірін таңдауға болады. Соған қарамастан бағасы қолжетімді демалыс орындары ыстық тамаққа ет ұсынады. Дастарханға жеңсік ас, салат пен түрлі кондитерлік өнім де қояды. Ал шоу бағдарлама кезінде аниматорлар өнер көрсетеді. Тақырыптық кеште домбыра тартып, бишілер ортаға шығады. Сонымен бірге саксофонда ойнайтын өнерпаздар бар. TV-show форматында интеллектуалдық ойын ұйымдастырылады.

Қызылорда, Қонаев пен Түркістанда корпоратив кештерінің бағасы орта есеппен 25 мың теңге. Қызылордада қазір ұжыммен бірге Жаңа жылды өткізу үшін әр адамға 20-30 мың теңге сұрайды. Ал Түркістанда баға 7 мың теңгеден басталып, 30-35 мың теңгеге дейін жетті. Сонымен бірге премиум банкеттер бағасы – 40-70 мың теңге. Қонаев қаласындағы хабарландыруларды қарап, бағаны салыстырғанда демалыс орындарының ұсынысы 16-18 мың теңге аралығында екенін білдік. Сонымен бірге 50 мың теңгеге одан да жоғары ас мәзірі мен шоу бағдарлама ұсынатындар бар.

Өскемен қаласындағы жаңажылдық корпоратив кешінің бағасы – 14-33 мың теңге.

Атырау қаласында қолжетімді банкет бағасы 18 мың теңге болса, кейде 27 мың теңгеге жетеді. Ал бағасы одан жоғары болса шырын, сусын мен ішімдік беріледі.

Ақтөбе, Талдықорған, Тараз бен Павлодарда баға орта есеппен – 20 мың теңге. Ақтөбе қаласында кең таңдау бар. Корпоратив кешінің бағасы 10-35 мың теңге аралығында. Бұл өңірдегі көп демалыс орны 20 мың теңге болатын кеш ұйымдастырады. Мерекелік дастархан жайылып, әртістер өнер көрсетеді. Олардың арасында жергілікті және шақыртумен келген өнер жұлдыздары бар. Талдықорғанда банкетті 16-18 мың теңгеге жасап береді. Кейбір демалыс орындары үстелге сыйлық ретінде аққайнар қояды. Таразда мейрамханалардың көбі жаңажылдық кеш бағасын 15-25 мың теңге деп бекіткен. Сонымен бірге тақырыптық кештер мен шоу бағдарламасына қарай баға 40 мың теңгеге дейін жетеді. Павлодар қаласындағы орташа баға – 25-30 мың теңге. Оған үш тіскебасар, үш салат және екі ыстық тамақ кіреді. Ішімдік құны қосылмайды. Шағын ғана мейрамханалар мұндай кешті ұйымдастырғанда әр адамға 15-20 мың теңге алады. Бағаға ұжымдық кеш ұйымдастыратын күн де әсер етеді. Мәзір таңдағанда тағам түрін азайтып, бағасын төмендетіп алуға болады.

Петропавл, Ақтау, Көкшетау мен Оралда әр адамға орташа баға – 18 мың теңге. Оралда жаңажылдық кеш 12 мың теңгеден басталып, кей жерде 20 мың теңгеге дейін жетеді. Көкшетау мен Петропавлда мерекелік дастархан жайып, шоу бағдарлама ұсынған демалыс орындары әр адамға кем дегенде 15 мың теңге алады. Ақтау қаласында корпоратив кештерінің бағасы 40 мың теңгеден басталып, өсе береді. Мерекелік көңіл күй сыйлайтын орындар қызықты бағдарламасын да ұсынады.

Еліміз бойынша ең арзаны жаңажылдық кеш құны 10-22 мың теңге аралығында. Семей қаласындағы демалыс орындары арасында құны қымбат мейрамхана аз. Сондықтан тұрғындар көбіне орташа бағаны таңдайды.

Бұған дейін қысқы демалыс орындарындағы қызмет ақысы туралы жазылды. Сонымен бірге мандарин бағасын салыстырдық.

Соңғы жаңалықтар