Жаңажылдық кеш өткізетін астаналық мейрамхана иелеріне қауіпсіздік ережесі түсіндірілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мереке қарсаңында төтенше жағдай департаменті мамандары мен полицейлер халық арасында қауіпсіздік ережесін сақтауға шақырып, акция өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жыл сайын дәстүрге сай біз полиция департаментімен бірлесіп жаңа жыл қарсаңында қауіпсіздік ережелерін қала тұрғындары мен қонақтарының есіне тағы салғымыз келеді. Бүгінде елордада «Қауіпсіз жаңа жыл» атты акция өтіп жатыр. Мақсаты – аты айтып тұрғандай халық арасында қауіпсіздікті насихаттап, болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу. Аталған акция барысында қаладағы денсаулық сақтау мекемелері мен тамақтану орындарының басшыларымен онлайн жиын өтті. Ол жиында мереке қарсаңында қауіпсіздік ережелерін қайта пысықтап, сақ болу керектігі баса айтылды. Өздеріңіз білетіндей, қазір қаладағы дәмхана мен мейрамханалар жаңажылдық кеш өткізіп жатыр. Осы орайда біз оларды аралап өрт қауіпсіздігінің сақталуын тексеріп, жадынама тараттық», - деді Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өртті бақылау басқармасының басшысы Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ТЖД өкілі балаларға абай болу керектігін айта келе, оларды қараусыз қалдырмауға шақырды.

«Жаңа жыл шырша мен түрлі отшашусыз өтпейтіні белгілі. Осы орайда тұрғындарды сақ болуға шақырамыз. Гирлянданы тоққа қосқан кезде де электрдің қалай жалғанғанын тексерген жөн. Отшашуды үйде немесе балконда атуға болмайды. Сатып алғанда да рұқсаты бар дүкеннен алған дұрыс. Сонымен қатар отшашуды балалардан аулақ ұстаған абзал», - дейді ол.

Оның айтуынша, 2018 жылдан бері елордада отшашудың салдарынан 5 зардап шегудің жағдайы тіркелді.


Соңғы жаңалықтар