Жәнібек Әлімханұлы: Мен әрқашан таза спортты қолдаймын
АСТАНА.KAZINFORM - WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына қатысты өз пікірін айтты.
Боксшы әрқашан таза спортты қолдайтынын, қайта анализ тапсыратынын айтты.
- Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып таңғалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып, бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де, тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отынмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз! - деді боксшы instagram парақшасында.
Айта кетейік, танымал «The Ring magazine» кәсіпқой бокс басылымы Жәнібек Әлімханұлының VADA сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.
Қазақстандық боксшы осы жексенбі күні АҚШ-тың Техас штатында Эрисланди Ларамен орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған болатын.