Жәнібек Әлімханұлының Шакил Томпсонмен жекпе-жегі қашан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Англиялық Шакил Томпсонның менеджері боксшының қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы командасымен келіссөзі жайында айтып берді.

Бірқатар дереккөзде орта салмақта әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен әзірге жеңіліп көрмеген британдық спортшының жекпе-жегі сәуір немесе мамыр айларында Қазақстанда өтуі мүмкін екені хабарланған еді.
Агент Кевин Мари Ring Magazine сайтына берген сұхбатында оған байланысты келіссөз шын мәнінде жүріп жатқанын айтты.
27-жастағы Шакил Томпсон өзінің мансабында 13 жекпе-жек өткізді. Оның ішінде барлығында қарсыласын қапы қалдырып, 9-ында нокаутпен жеңген.
WBO рейтингінде британиялық боксшы 9-орынға жайғасқан. Бұл титул үшін жекпе-жек өткізуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлының соңғы жекпе-жегі Аустралияда 4 қазан күні болды. Бұл жолы ол Жаңа Зеландия өкілі Андрей Михайловичті тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді.