Жанғали Жүзбай: Сайлау - уақыт талабынан туып отырған дүние

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Президент үндеуіне қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанғали Жүзбай: Сайлау - уақыт талабынан туып отырған дүние

Өнер адамы президент сайлауына оң пікірмен қарайтынын айтты.

«Сайлауға оң пікірмен қараймын. Бұл - ішкі сыртқы саясаттың дұрыс жүргізілуінің алғышарты, уақыттың талабынан туып отырған дүние. Халықтың демократиялық таңдауы барлық мәселенің шешімі болады деп ойлаймын. Сайлауды қолдаймыз. Оның ерте өткені дұрыс. Өйткені, мемлекеттің алдында ауқымды саяси-әлеуметтік мәселелер тұр. Солардың бәрін тиянақты іске асыру үшін билік басына лайықты азаматтар келуі керек», - деді Жанғали Жүзбай.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.