Жангелдин ісі: Сұлтан Сарсемалиев мәйіттерді қалай жасырғанын баяндады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Төрт адамның өліміне қатысты сотта күдікті Сұлтан Сарсемалиевтің тергеу кезіндегі видеосы көрсетілді. Онда ол қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынапасының жағдайына алаңдамағанын айтқан.

Жангелдин ісі: Сұлтан Сарсемалиев мәйіттерді қалай жасырғанын баяндады
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Бүгінгі сот отырысында Сұлтан Сарсемалиев жауап беруге дайын еместігін айтты. Содан кейін судья күдіктінің тергеу барысында түсірілген видеоны қарау туралы шешім қабылдады.

Сот кезінде көрсетілген видеода Сұлтан Сарсемалиев қайынағасымен қалай сөзге келіп қалғанын, үй ішінде күресіп, кейін ас бөлмесінде пышақтағанын көрсетті. Күдікті сол кезде полиция шақыру туралы ой болғанын жасырмады.

Жангелдин ісі: Сұлтан Сарсемалиев мәйіттерді қалай жасырғанын баяндады
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

— Оқиға 10 мамыр күні сағат 11:00 шамасында болды. Кеш батқанға дейін үйге кірген жоқпын. 5 балам мен әйелімді ойлап, полицияға хабарласпадым. Кешкілік уақытта нақты шешімге келіп, қылмысты жасыруға кірістім, — деген тергеу кезінде күдікті Сұлтан Сарсемалиев.

Жасыратын жер іздеп, оны алысқа сүйрейтіндей күші болмаған. Сондықтан үй іргесінен 60 см аралықтағы жерді қазып бастаған. Оқиға орнында күдікті қайынапасы Мейрамгүл Қарабалинаны да қалай өлтіргенін айтып берді.

Жангелдин ісі: Сұлтан Сарсемалиев мәйіттерді қалай жасырғанын баяндады
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

— 6 қараша күні базарға барып келдім. Асханадан күтіп алды. Ақбаян мен қызым ішкі бөлмеде ұйықтап жатты. Мейрамгүл кететінін айтып, маған тіл тигізді. Ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Ол бір сөйлесе тоқтамайды. Әкелген тамақты шығарып жатқанда қаладағы туысқандарға апарып таста деді. Оған дейін үш адамды өлтіргендіктен бе, оны да құрту туралы ой келді. Негізі мен оны Ақбаянға ес болсыншы деп алып келдім. Жерде үлкен кілем жатты. Тоқтамайтынын түсініп, тоңазытқыштың үстіндегі пышақты алып, ішінен тықтым, — деп жауап берген күдікті.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Мейрамгүл Қарабалинаның пышақтағаннан кейін оның жағдайына алаңдамағанын ашық айтты. Ол сол күні сағат 20:00–де мүрдені көмуді мақсат еткен. Дегенмен үй маңындағы теміржолдан бірнеше рет пойыз өткендіктен қазуды тоқтатуға тура келген. Күдіктінің айтуынша, ол қазу және көму жұмысын түнгі сағат 01:00–ге дейін аяқтаған.

Жангелдин ісі: Сұлтан Сарсемалиев мәйіттерді қалай жасырғанын баяндады
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Қан дақтарын жасыру үшін ас бөлмесіндегі жарды бояп тастапты. Күдікті тергеу кезінде ата-енесімен болған жанжалдан кейін, оларды өлтірместен бұрын өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтқан.

Айта кетейік, Ақбаян Мұқанғалиеваның жеке куәлігінің түпнұсқасы, 1 топ мүгедектігін растайтын құжаттың түпнұсқасы Сұлтан Сарсемалиевтің әпкесінің үйінен табылған. Сондай-ақ, олардың қатарында Сұлтан Сарсемалиевтің екінші нөмірі, күдіктінің Айдана Сарсемалиеваға берген сенімхаты бар.

Бұған дейінгі отырыста Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезінде не айтқаны белгілі болған.

Жалпы сотта күдікті енесінің алтындарын ломбардқа өткізгені көрсетілді.

Жангелдин ауылында бақташы марқұмдардың малын күніне 3 мың теңгеге баққаны айтылды.

Өткен сот отырыстарының бірінде Атырау қаласында екі мүрде табылған үйдің иесіне жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырғаны белгілі болды.

Жалпы сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болған. Қазір Сұлтан Сарсемалиевті біреуі қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте екенін мәлімдеген еді.

Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.

Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді. Тергеу барысында ол Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты. 

Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды. 

Марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді. 6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.