Жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев айтты.

Оралдағы базардан заңсыз саудаға түскен 8 мыңнан астам қорап темекі өнімі тәркіленді
Фото: БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті

- Заңнама талаптарына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базарлардың иелеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал талаптар орындалмаған жағдайда сауда базарларының қызметін уақытша тоқтату немесе кейіннен толық жабу туралы материалдар сотқа жолданатын болады,- деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, министрліктің базарлар қызметін құқықтық реттеу бөлігінде сауда қызметтерінің ұлттық стандарттарын әзірлеп, енгізді. Санитарлық, өртке қарсы, қала құрылысы, сондай-ақ сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіздік пен жайлылық талаптары сияқты барлық процеске бірыңғай талаптар қойылды. Ішкі сауда және сауда базарлары қызметінің ережелері жетілдірілді. Жаңа редакцияда стандарттар мен нормаларды сақтау міндеттілігін, базар регламенттерін бекіту тәртібін, әкімшілерге қойылатын талаптарды және жалдау шарттарын жасасудың бірыңғай тәртібі бекітілді. Заңнаманың сақталуына және әкімшілік ықпал ету шараларына бақылау күшейтілді. Тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтары қайта қаралды.

- Базарларға 11 жаңа талап қосылды. Бұл тексерулердің тиімділігін арттырады. Базар әкімшілерінің тең қолжетімділікті бұзғаны, жалдау шартын жасасудан бас тартқаны, уақтылы жаңғыртпағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Сондай-ақ заңсыз жұмыс істейтін базарлардың қызметін тоқтата тұру туралы өтінішпен сотқа талап қою мүмкіндігі көзделген.

Осылайша, министрлік барлық қажетті құқықтық тетікті пысықтап, базарларды жаңғырту үшін құралдар берді. Алайда сауда базарларын жаңғырту процесі жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдіктердің белсенді қызметі мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де байланысты екенін ескерген жөн, - деді Ернұр Жәутікбаев.

Бұған дейін Сауда министрлігі 2029 жылға қарай сауданың заманауи форматтарының үлесін 70 пайызға жеткізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар