Жәнібек Әлімханұлы бокс жанкүйерлері жеңімпазды таңдайтын номинацияға ұсынылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Top Rank промоутерлік компаниясы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының (11-0, 7 КО) 2021 жылғы жетістігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлімханұлы бокс жанкүйерлеріне «Жыл серпіні» номинациясының жеңімпазын таңдау ұсынылатын Top Rank постеріне шықты.
Биыл Жәнібек Әлімханұлы екі жекпе-жек өткізді. Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпиондары америкалық боксшы Роб Брантпен (26-3, 18 КО) және француз Хассан Ндам Нжикаммен (38-6, 21 КО) жұдырықтасты.
Екеуін де Әлімханұлы сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Бұл жеңістер қазақстандыққа WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы америкалық боксшы Деметриус Андрадемен (31-0, 19 КО) кездесуіне мүмкіндік берді.