Жанкүйерлер Твумасидің «Селтикке» салған добын тамыз айындағы үздік гол деп атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының ВКонтактедегі ресми тобында тамыз айындағы үздік голды анықтау бойынша дауыс беру өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ФК сайтына сілтеме жасап.
Жаздың соңғы айында астаналықтар 8 гол соқты, алайда олардың екеуі қарсылас команда футболшыларының есебіне жазылды.
Дауыс берген 4500 адамның 36 пайызы өз дауыстарын шотландиялық «Селтик» қақпасына гол соққан Патрик Твумасиге берген.
Екінші орында Шотландияның бірнеше дүркін чемпионының қақпасына гол соққан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Серікжан Мұжықов болды. Ал, үшінші орынға Твумасидің чемпиондар лигасының плей-оффында соққан тағы бір голы ие болды. Бұл жолы «Астана» форварды Дмитрий Шомконың қапталдан соққан добын басымен ұрып, қақпашыны жеңді. Дауыс беруге барлығы 4 574 адам қатысты.