Жанның жарығы санадан

Бала болсақ та есейген шаққа дейін сырбаз тіршіліктен біраз сыр ұғып өскеніміз рас. Бәлкім, табиғатқа, төрт түлік малға жақын жүргеніміздің әсері болар, Сезімталдық адамның жан жарасын арши түсетін қасиет пе деп қаласың кейде. Бірақ шындықтан ешқайда қашып құтыла алмасың анық. Ол бүгінгі күннің шындығы, тап қазіргі тіршіліктің ақиқаты Жалпы бүгінгі өмір туралы кімнің қалай ой толғайтыны белгісіз, томаға тұйық, өзімен-өзі күн кешкен тіршілік иелерінен сыр тартудың өзі қиын. Жұмыс пен үйдің ортасында сабылған адамдардың жан әлемінен бейхабармыз. Қажығаны мен шаршағанын жасыруға дәрменсіз жанарларда мұң да жоқ емес. Күндегі тынымсыз тіршіліктен жалыққан, алған айлығы шайлығынан артылмайтынына іштей налыған адамдардың ашуланшақ болып кеткендігін де түсінгің келеді. Қоғамдық көліктерде орын алатын күнделікті осындай көріністерден мезі боласың. Алып шаһардың жол кептелісінің өзі жүйкеңді жұқартып, қалжыратады. Осындайда қала тіршілігіне мойынсұнған адам атаулы шарасыздықтан өмір сүретіндей болып көрінеді. Ауылға барса аш қалатындай бойын қорқыныш пен үрей билеген жандардың санасында не жатқаны беймәлім. Шаһар тіршілігінен нәпақа тапқан ауылдықтардың бүгінгі өмір салтын күн кешуден гөрі күнелтуге көбірек ұқсатасың. Қалаға барсаң өлмейсің деген қағиданы мықтап ұстану адамгершілік, адами қасиеттерді ысырып қоюуға ықпал етіп жатқандай ойға қалдыратыны да рас. Қара бастың қамын көбірек күйттеу қарапайымдылық пен қайырымдылықты, мейрімділікті ақымақ етіп көрсетуге барынша тырысып бағуда. Мұндай ұстанымдарды заман талабына жаба салудың өзі күлкілі әрине.
Бүгінгі қоғамның адамдардан (оперативтілікті) жылдамдықты талап етіп отырғаны анық. Алайда, сол жылдамдық адам өмірінің де жылдам өтуіне ықпалын тигізетін сияқты болып көрінеді. Үміттен бұрын күдікпен өмір сүріп жатқан тұста біреуді кінәлай сөйлеудің өзі артық. Дегенмен адами болмысқа өзгерістердің енгенін шындық демеуге лаж жоқ. Кешегі ауызын ашса, жүрегі көрінетін, баладай аңғал, пәк көңілді жандардың сиреп кетуін бәлки уақыттан, заманның сол талаптарынан көрсек қателеспейтін шығармыз. «Әлем жақсы адамдарсыз болмайды» деген сенімді сөздің дәйексіз айтылмағанын жақсы түсінеміз. Жалпы жақсы адам деген сөздің жалпылама айтыла салынатыны да бар. Дұрысы, кемшіліксіз адам болмайды дегенге сену керек шығар. Адам жаны негізі тауысылмайтын қайнар бұлақ сияқты ғой. Көзін аша білген бұлақтың суы шөл қандырады. Пенде болғаннан кейін әртүрлі жағдайларды бастан өткізесің. Әр адамның өзіндік мұң-мұқтажы мен қоса мақсат-мұраты да жоқ емес. Адамды алдыға жетелейтін де сол мақсат-мұрат болса керек. Бірақ бүгінгі оңайлықпен қолың жете бермейтін сәттіліктерге барар жол тым күрделі. Қалтаңның қалыңдығына қарай ілтипат танытуға дағдыланған шенді-шекпенділерді өмірдегі басқа өлшемдер қызықтырмайтынын да сезетін сияқтымыз. Ақшасыз шешілмейтін өмірлік мәселелердің қарапайым адамдарды титықтатып, жібергені де рас. Бүгінгі тіршілік иелерінің мінез-құлқындағы өзгерістерді бәлки осымен түсіндіруге болар. Біреудің біреуді түсінуге құлқы жоқ уақытта адамдардан үнсіздік, немқұрайдылық қатты аңғарылады. Жалпы қарап отырсақ, бір нәрсеге жету, үлгіріп қалу жолында жанталасамыз. Тіпті, барлығымызға беріліп қойған белгілі уақыт, бір межелі сәт бар сынды. Оны жақсы білетін де сияқтымыз. Межелі уақыттың тәмамдалуы бір Алланың ғана қолында екенін біле, түсіне тұра пенде атаулының барлығы әлденеге асығады. Қайда, неге екенін өздері де толық түсіне алмайтын іспетті. Әйтеуір көштен қалмаудың, аштан өлмеудің жолында жатпай-тұрмай жүгіре беру керек сияқты. Тіпті, арасында арманмен, илюзиямен де өмір сүретініміз бар. Арман мен қиялдың рас, адамды алысқа жетелейтіні жақсы-ақ, бірақ шындыққа апармайтынын мойындауымыз керек-ау. Арман мен қиялдың ақиқатқа айналатынына біз сенетін ұлтпыз. Ал бүгінгі күні ол үшін әрекет ету керек екендігін жақсы түсінетін болдық. Адам баласы алдына қойған мақсатына жету үшін тер төгеді, еңбек етеді. Ұрпағына барлығын жасап беріп кетсем дейді, талпынады, тыраштанады. Бала бауыр етің болғандықтан қандай ата-ана өз баласының жаман болғанын, біреуден кем болғанын қаласын. Бұл ата-ананың басты парыз-міндеті. Олар үшін соның өзі қызықты, мағыналы. Әрине түсіне білетін, жақсы мен жаманды айыра алатын тіршілік иесі ғана атқан таңы мен батқан күні үшін қашанда разы. Өзінше жаратылып, ешкімге ұқсамай туған пенденің жан-дүниесі де бөлек әлем. Өмірдің, табиғаттың ғажайыбын сезінбейтін, өзінен басқаны биік қоя алмайтын, тек нәпсінің құлына айналған адам үшін өз жеке басынан басқаның еш қызығы жоқ екені де ақиқат. Қай қоғамда да адамдар жақсы, жаман болып бөлінген. Ал біз өмір сүріп отырған уақыт шапшаңдықты, сенімділікті, білім мен тереңдікті, мақсатқа жете білуді талап етіп отыр. Түп қазығы мықты ұлттың ұсақталып бара жатқанын аңғару қиын емес. «Көрмейін десем көзім бар» демекші айналадағы болып жатқан келеңсіздіктерді өз ұлтыңның бойынан байқаудың соншалықты ауырлығын сезінесің. Ал Алматыдай шаһарда қаншама ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Әр ұлттың өзіндік өмір сүру салты бар. Сол өзге ұлт өкілдерінің көпшілігінің не нәрседе де өздерін мәдениетті, сыпайы ұстайтындығы таңқалдырады. Бұны олардың шаңыраққа қарағандығы деп түсінгеннен гөрі, бәлки, қулығы, өмір сүре алатындығы деп те ұғынуға келер. Мәселен, такси жүргізушісі болып жүрген қазақтардың дөрекілігі, ұсақтығы, саудаласуды игеріп алғандығы күнделікті өмірде көп кездеседі. Ал басқа ұлт өкілдерінің көбі айтқан бағаңа келісіп, құрақ ұшады, яғни, қанағатшыл. Қанағатшылдық біздің бойымызда бар қасиеттердің бірі болды. Өкінішке орай, ақшаның құлына айналған адамдар осы қасиеттерден де айырылып қалып жатыр. Адамдар жақсылықты да есеппен жасайтын болған. Үлкен кісілер айтып отыратын «жол ақысы», «көрші ақысы» сынды ұғымдар ауылда өскен кім-кімнің де жадында. Оны талдап, таратып айтып жатудың өзі артық. Мұны білген адамның жол ақысына қатысты реніші болмайтыны да рас. Мұндай оқиғалар тек такси жүргізушілері ғана емес, кез келген көпшілік ортада да кездесіп жатады. Мүмкін қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуының бір себебі осында жатқан шығар. Кім білсін?! Ұлт болмысына тән қызуқандылық, қызбалық, турашылдық мінездердің дәл қазіргі кезеңде, кейбір жеке басыңа қатысты мәселелерде кедергі келтіретінін өмірдегі кез-келген жайттардан байқайсың. Осыдан ақ уақыт тілінің әділдік, адалдыққа қарай емес, қуылық пен жағымпаздыққа қарай ойысып бара жатқандығына көзің жете түседі. Ал уақыттың тілі адамның іс-әрекетіне қарай жылжи беретіні анық. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» дегендей, «Сіздің етігіңізді кеше апам ұрлап алып, тығып қойды» деген аңғал баланың пәктігі, тазалығын бүгінгі қоғамнан іздеп таба алмасымыз ақиқат. Өйткені бұл заманның баласы да, ойланып барып сөйлейтін болған ғой. Бүгінгі балаларымызға беріп жатқан тәрбие басқа. Қайырымды, мейірімді, шыншыл болуды құлағымызға құйып отыратын кешегі ата-ана жоқ, керісінше алданбауды, жеңілмеуді, өзіңе тиесілі дүниеден қағылып қалмау керек екендігңн күнделікті баласының есіне салып отыратын ата-ана бар. Жылағың келетін сәтте біреудің көзінше жыламау керектігін, күлгің келген тұста, күлуге болмайтынын өзіңді тежей білуді де өмірдің өзі үйретіп отырғанын несіне жасырайық. Иә, кешегі мен бүгінді салыстыра алмайсың. Өткен күнді аңсағанмен қайта айналып келмейді. Тек өткенге деген сағыныштың сарқылмауына бүгінгі күннің өзі көмектесіп жатқандай. Бәлкім тым әсірелеп жіберген шығармыз. Алайда, сол шақтың мейріміне, адамгершілігіне сусайсың. Сананы ақша билеген тұста адамгершілік, жан тазалығы туралы сөз қозғаудың өзі көңілге күдік ұялатады. Тіпті, қазір біреу туралы жағымды пікір айтуға күмәнданасың. Аузын ашса жүрегі көрінетін, біреуді жатсынбай, жатырқамай ішіндегісін ақтарып салатын жандардың сиреп бара жатқандығын күнделікті тіршіліктен ақ аңғаруға болады. Бұл тағы келіп уақыттың талабы шығар деген ой келеді. Әйтеуір бүгінгі адамдардың мінез-құлқынан тұйықтық пен немқұрайдылықтың басым екендігі анық. Өмір бар жерде өлім бар. Ешкімнің мәңгілік емесі де шындық. Өлімнің жас, кәріні таңдамайтыны да белгілі. Тек өмірден өзін тапқан адамның артынан айтылатын сөздің ақиқаты бардай болып көрінетіні несі екен. Сондай бір қазаның бірінде жанарға жас үйірмесек те, өткен шақтағы көңілсіз көріністерге еріксіз ой жүгіртіп, қимас адамыңнан айырылудың оңай емес екендігін мойындай түстік. Жақсылық пен адамгершілікке, ізгілікке толы ғұмырдың соңы - қарасы көп қимас қоштасумен аяқталатынына да нық сеніммен қараған болатынбыз. Ол сенің тірі кезіңдегі іс-әрекетіңнің, ерінбеген еңбегіңнің, бойыңда бар талантыңды ұштай түскеніңнің жемісі екендігін біреу түсінді, біреу түсінген жоқ... Жиналғандардың арасынан туған туыс, дос жаран, қаламдас, әріптестерді саусақпен санап алуға болатынын көріп жанымыз ауырғандай күй кештік. Адамның қадірі бір сәттік қоштасуда анық көрінді, анық білінді. Осыдан кейін тәубамызға келгендей күбірледік. Тек кімнің не ойлап тұрғаны беймәлім еді. Адам бойындағы қадір мен қасиеттің қасында өмірдің өзі түкке тұрғысыз болып көрінді. Жарық дүниедегі істеген іс-әрекетіңнің әйтеуір бір алдыңнан шығатынына сендік. Адамның жан әлемінің күрделілігі еріксіз таңырқатқан еді. Алайда, барлығы адамның ойлағанындай бола бермейді екен. Жалпы қалтарыс-бұлтарысы көп адам жанын әлі ешкім толық зертей алған жоқ. Бір Алланың құдіретімен жаратылған адам жаны тек соған ғана аян. Жарық дүниенің пенделері мазмұнды-мағыналы өмір сүру жолында өзін-өзі тәрбиелей алатын болар. Жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алатын кез-келген адамның нәсібесі таусылмайтынына уақыт өткен сайын көзің жете түседі.
Роза СЕЙІЛХАН