Жансейіт Түймебаев Ливан елшісімен кездесті

Кездесу барысында мемлекеттер арасындағы екіжақты әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ливан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың негізі 1993 жылы 20 сәуірде құрылған болатын.
Жискар әл Хури Қазақстандағы Ливан елшісі қызметіне 2018 жылдың мамыр айында тағайындалған.
Тараптар екі ел арасындағы саяси ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ливан халықаралық қауымдастық шеңберінде Қазақстанға үнемі әріптестік қолдау білдіріп келеді.
Ливан Республикасында ішкі саяси тұрақсыздықтың орын алғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық және қаржылық дағдарысқа әкеліп соқтыруда.
Жансейіт Түймебаев бейбітсүйгіш Қазақстанның әлемдік қауымдастықта жоғары беделге ие болуына негіз салған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін таныстырды.
Тараптар келіссөздерінің барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту мақсатында бірлескен іс-шаралар жүргізу туралы мәселе көтерілді.