ЖАНТӨРЕ ХАН

Жантөре Айшуақұлы (1759-1809) - мемлекет қайраткері, мәмілегер, Кіші жүз ханы (1805-1809). Әбілғазы хан мен Қаратай ханның билігін жалғастырушы, Айшуақтың үлкен ұлы, Әбілхайырдың немересі.
None
None

Ресейдің қазақ жеріне ықпалын тежеу саясатын ұстанған. 1790 жылдың бас кезінде Сырым батыр бастаған көтеріліс қозғалыстарына қатысқан. Жантөре Сырым батырдың жақтасы, ішкі саясаттағы белді, беделді төре болған. Сырым көтерілісі өз маңызын уақыт өте келе жойған кезде, Орынбор әкімшілігіне ауысқан. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Г.Генсаның берген сипаттамасында Жантөре ақылды, ер жүрек батыр болған.

1805 жылы 2 қыркүйекте Орынбордың әскери губернаторы Г.Волконскийдің ұсынысымен старшындар мен ру басыларының қолдауымен хан сайланған. 3 қыркүйекте Ресей үкіметінің императоры Александр І Жантөре Айшуақұлын Кіші жүз хандығына бекіткен. Хан сайланған алғашқы айларынан бастап-ақ билікке таласқан бәсекелестерінің қарсылығына тап болған. Билік үшін күресте жаңа ханға Қаратай бастаған сұлтандар қарсы шыққан.

Алғашқы кезде сөз жүзінде хандық кеңестің төрағасы болып есептелінген, алайда Ішкі орданы билеген Бөкей хан Жантөренің жаулары Қаратайды, Орманды қолдап, Жантөреге кедергі жасаған. Жантөре осындай қарсылық жағдайында, Жетіру бірлестігіне арқа сүйеп, шебер мәмілегерлік саясатымен қарсыластарының арасына іріткі салады. Байұлының бір бөлігі Жантөреге қолдау көрсетті. Жантөре хан бес жылға жуық хандық билігі тұсында Кіші жүз арқылы өтетін Ресей мен Хиуа, Бұхар хандықтары арасындағы транзиттік керуен саудасының қазақтар үшін пайдалы екенін түсініп, оны қолдаған. Орынбор және басқа қалалармен керуен саудасына жағдай жасайды. Жантөре хандық соттың, кеңестің құқықтық жағдайын қалпына келтіруге тырысқан. Жантөре хан өзінің туған інілері мен басқа беделді сұлтандарға арқа сүйеп, хандық билікті күшейтуге атсалысқан. Жантөренің беделінің күшеюінен сескенген Ресей үкіметі өлкені отарлауды жеделдету мақсатында әр түрлі әскери-саяси шаралар арқылы Жантөренің билігін шектеуге тырысқан. Орынбордың губернаторы Г.Волконский Жантөре жөнінде екі ұшты саясат жүргізді. Бір жағынан, ханмен санаспауға бата алмай, оның саясатына қолдау көрсеткен болды. Екінші жағынан, Жантөренің күш алып кетуінен сескеніп, оның қарсыластары - сұлтандар Қаратайды, Орманды ханға қарсы жасырын айтақтап отырған.

Жантөре хан шебер мәмілегер ретінде старшындар мен сұлтандардың біраз бөлігіне иек артып, Кіші жүзде өз саясатын дәйекті іске асырып отырған. Хиуа хандығымен, Бұхар әмірлігімен байланыстарын бірқалыпты деңгейде ұстайды. Бірте -бірте билігі әлсіреген Жантөре хан Ресей үкіметінен қолдау табу мақсатымен Жайық шебіне жақын қоныстанды. Алғашында Мерген форпосты төңірегінде, кейіннен Сахарная бекінісі маңына орнығып, күш жинай бастайды. Алайда 1809 жылы 2 қарашада  Қаратай сұлтанның жігіттері кенеттен  Жантөре ханның ауылына шабуыл жасайды. Шабуылды Нұралы ханның ұлы Орман сұлтан мен Есім ханның үлкен баласы Қара сұлтан, Орманның баласы Шиман сұлтан ұйымдастырған.

Жантөре хан 27 жерден жараланып қаза табады. Жантөре ханның екі әйелі, Берестам, Рустем, Бекарыстан, Бекбатыр, Ишалы, Арыстан атты алты ұлдары болған.

 Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том.

  

Соңғы жаңалықтар