Жануарларды өлтіргендер бес жылға сотталуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді.

Алматыда үй жануарларын тегін чиптеу бағдарламасы басталды
Фото: Алматы әкімдігі

Оның сөзінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабында жануарлар құқығы қамтылған.

– Қолданыстағы заңнамаға сай, аң-құстарға залал келтіргендерге ең үлкен жаза – 30 күнге дейін бас бостандығынан айыру. Біз қазір бұл норманы күшейтіп жатырмыз. Үкіметке жолдадық. Енді жануарларға зиян келтіргендер алты айға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, – деді ол Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Дегенмен, бұл – аң-құстарды жаралағандарға қатысты норма. Ал оларды өлтіргендерге қарастырылған жаза одан да қатаң.

– ҚР Қылмыстық кодексінің қазіргі қолданыстағы 316-бабына сәйкес, жануарларды өлтіргендер екі жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Біз бұл жазаны күшейтіп, бес жылға дейін ұзартып жатырмыз. Сондай-ақ айыпталушының мүлкі тәркіленуі де ықтимал. Ол жағдайға байланысты, – деді Е. Жаңбыршин.

Сонымен бірге, оның сөзінше, әкімшілік жазаны да қатаңдатып, айыппұлды көтеру қарастырылып жатыр.

Айта кетейік бұған дейін иттер мен мысықтарды чиптеу міндеттелетінін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар