«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға түзетулер әзірленді

жануарларды қорғау
Фото: Сәтпаев қаласының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты жануарларды қорғау ұйымдарымен және ғалымдармен бірлесіп, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға түзетулер әзірледі. Бұл туралы аталған институтқа қарасты Болжамдық, әлеуметтік-экономикалық талдау және статистика орталығының жетекшісі Асқар Бектенов мәлім етті.

«Өздеріңізге мәлім, 2021 жылғы 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданды. Бұл ретте Заңның жануарларды қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ізгілікті нығайту және жануарларды асырау кезінде қоғамның адамгершілік қағидаттарын сақтау мақсатында қабылданатыны атап көрсетілді. Алайда, бұл Заңда адамдар мен жануарлардың өзара байланысы, әсіресе балаларды, адамдарды қорғай отырып, жануарларға ізгілікпен қарау, сонымен қатар қаңғыбас және қабаған иттердің шабуыл әрекеттерінің барлық аспектісі ескерілмеді», - деді орталық жетекшісі.

Оның атап өтуінше, заң қабылданғаннан кейін Парламентаризм институтына, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Мәжіліс пен Сенат депутаттарына қоғам белсенділері тарапынан Заңның кейбір нормасын өткір сынға алған көптеген шағым түсе бастаған.

«Парламентаризм институты өткізген талқылау нәтижесінде жануарлардың - иттер мен мысықтардың санын бақылауға, сондай-ақ жекелеген негізгі индекаторларды белгілеу арқылы олардың санын реттеу процесіне бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жетілдірілген жаңа нормалар әзірленді. Осы түзетулер негізінде Парламентаризм институты иттер мен мысықтардың санын реттеудегі ағымдағы жағдайды жедел бақылауға және бағалауға мүмкіндік беретін реттеушілік әсерді бағалаудың бірегей әдістемесін әзірледі. Келешекте, 3-5 жыл ішінде осы нормаларды енгізу бүгінде жыл сайын шамамен 2 млрд теңгені құрайтын бюджет шығыстарын қысқартуға әкеледі. Сондай-ақ жануарлар басын тіркеу және чиптеу есебінен оларды тиімділікпен бақылауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, әзірленген түзетулердің мынадай артықшылығы бар:

  • жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы мемлекеттік саясаттың бірізділігін қамтамасыз етеді;
  • иттер мен мысықтардың санын жабайы, ауыл шаруашылығы және басқа жануарлар түрлерінен заңнамалық тұрғыда реттейді;
  • жануарлар дерекқоры үшін бірыңғай цифрлық платформаны енгізеді, сондай-ақ жануарларды тіркеумен және чиптеумен жаппай қамту есебінен жануарлар санын реттеу процесін бақылау әрі мониторингілеу тетіктерінің тиімділігін арттырады;
  • жануарларды жаппай кастрациялау есебінен жануарларды уақытша ұстау пункттеріне, панажайлар мен питомниктерге жүктемені азайтады.
Соңғы жаңалықтар
telegram referendum