ЖАП басшысы Әлихан Смайылов мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов мәслихат депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.
Еске салайық, бүгін, 29 қарашада, Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған ақпараттарға сәйкес өңірлерде сайлаушылардың дауыс беруі туралы алдын ала деректерді жариялады. Республика бойынша сағат 14–00-де тізімге енгізілген сайлаушылардың 45,46% дауыс берді.
Сонымен қатар, Өңірлерден алынған мәліметтерге сәйкес, еліміздегі 8 672 нысанда орналасқан 9 780 сайлау учаскесінің барлығында мүгедектігі бар азаматтардың жеке қажеттіліктері ескеріле отырып, дауыс беруіне жағдай жасалған.
Атап айтқанда, сайлау учаскелерінде пандустар, сүйеніш тұтқалар мен тактильді көрсеткіштер орнатылды. Дауыс беру кабиналары мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға да қолайлы. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін үлкейткіш әйнектер, қосымша жарықтандыру құралдары мен Брайль қарпімен жазылған ақпарат қарастырылған. Нақты белгілі бір сайлау учаскесінің жабдықталу деңгейімен inva.gov.kz порталындағы «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» арқылы алдын ала танысуға болады.
Одан бөлек, Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері, 104 жастағы Яхия Тасыров мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатқанын жазғанбыз.