Жапандағы жалғыз үй: Жетісуда қос қария 40 жыл құм ішінде тұрып келеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Елсізде өмір сүріп жатқан қариялардың бірі 80-нен, екіншісі 70-тен асқан. Құмда қалған жалғыз үй жолаушылардың ас ішіп, ауқаттанатын шаңырағына айналған.

Жетісу облысы Қаратал ауданындағы Қаңбақты көліне қарай ұшы-қиыры жоқ еспе құмның ішінде жалғыз үй бар.
Аудан орталығынан 150 шақырымдай алыста жатқан сол үйде қос қария өмір сүреді. Күнкөрісі — азын-аулақ мал мен ай сайын алатын зейнетақысы.

Мал бағып, балық аулап күнелткен отбасы 40 жыл бұрын құм ішіне қоныстанып, сонда қалып қойған. Қариялардың 5 баласы, 16 немересі, 20 шөбересі бар.
— Балаларымыз жазда көлге түсуге, демалуға келіп тұрады. Осы күнге жеткізген құдайға тәуба дейміз. Шалым екеуміз осы жерде бір-бірімізге сүйеу болып, өмір сүріп жатырмыз. Асыл тұқымды ешкілеріміз бар. Соның сүтін ішіеміз. Тамағымыздың бәрі — табиғи таза өнімдер. Жолаушыларға газға емес, даладағы пешке тамақ жасап, самаурынмен шай беремін. Келгендер қаладан көкөніс, жеміс-жидек пен тәттілерін ала келеді. Осы еңбектің, қимыл-қозғалыстың арқасында тың жүрміз әлі, — деді Раушан Сағымбаева.

Айдалада отырған жалғыз үй жарықты дизельді генератордан алады. Құмнан құдық қазып, тіпті теледидар көру үшін келушілердің көмегімен биік телемұнара тұрғызып алған.
— Өткен-кеткендер көмектесіп тұрады. Ақшасын төлеп, қыста көмір алдырамыз. Көбі әкелген жол ақысын алмайды. Ауыра қалсақ алыс демейді, жедел жәрдем де келеді. Осы жер бізге ыңғайлы. Балалар көшіңдер дейді. Қалада тұра алмаймыз. Біз осы далаға үйренгенбіз, — дейді Манат Сағымбаев.

Қариялар жастарды табиғатты қорғап, аялауға шақырады. Еңбек пен шыдамдылықтың шыңға жеткізетінін айтқан Раушан Сағымбаева тазалықты сүйеді.
— Осы жерде отырып, ауладан бір сынған тал, шашылған шөп көрсем, жинап жүремін. Қазан- ошағымды, ыдыс-аяғымды, үйдің іші-сыртын бәрін өзім жуып, тазалап, әктеп аламын. Оқуды жақсы оқыдым. Айдалада отырғанға өкінетін де кезім болады. Бірақ бізді тағдыр осылай жолаушыларға көмек берсін, соларға елсізде бір пана болсын деп осында отырғызып қойды ғой, — деді Раушан Сағымбаева.

Жапанда қалған жалғыз үйдегі қарттардың тілеуі — елдің амандығы. Қазақ жастары білімді, еңбекқор болып, ұлтты жаңа өмірге жетелесе деген арманы бар.
Еске салайық осыған дейін Жетісуда 10 жастағы бала күнде таңертең өзенге түсіп, шынығып жүргенін жазғанбыз.
