Жапаров алдағы президент сайлауында мықты қарсылас шығатынына сенімді

АСТАНА. KAZINFORM — Super.kg сайтына берген сұхбатында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров алдағы сайлау науқаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Жапаров алдағы президент сайлауында мықты қарсылас шығатынына сенімді
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Қырғызстан басшысы алдағы президент сайлауындағы бәсекелестік деңгейін қалай бағалайтыны туралы журналистің сұрағына жауап бере отырып, ол кандидаттарды тіркеу әлі аяқталмағанын атап өтті.

— Көптеген кандидаттар осы жылдың 13 қарашасына дейін тіркеледі. Мен әрбір кандидат лайықты үміткер болады деп ойлаймын. Қырғыздарда жақсы мақал бар: «Өзіңді батыр санасаң, өзгені баһадүр сана». Сондықтан, мен сіздің лайықты қарсыластардың жоқтығы жайлы сұрағыңызға менмендікпен: «Иә, шынымен де, өзім ғана екенмін» деп жауап бермеуім керек. Міндетті түрде мықты қарсыластар шығады, — деді Қырғызстан президенті.

Жапаров өзі үшін ең маңыздысы сайлаудың әділ, ашық және заң аясында өтуі екенін тілге тиек етті.

— Егер кімде-кім сайлауға қатысқысы келсе, мен оларға сәттілік тілеймін. Әрбір азамат өз таңдауын жасайды. Президент етіп кімді сайлау керектігін халық өзі шешеді. Сайлауда әкімшілік ресурстар пайдаланылмайды, — деді ол.

Еске салайық, Қырғызстандағы келесі президент сайлауы 2027 жылдың 27 қаңтарына жоспарланған.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, президент сайлауына барлығы 1,2 млрд сом (шамамен 6,06 млрд теңге) жұмсалмақ.

Қырғызстанда президент сайлауын бақылау орталығы ашылады.