Жапаров жиенінің «Marry me» рәсімі үшін халықтан кешірім сұрады

 Садыр Жапаров Қырғызстаннан жасырын алтын шығару туралы видеоны фейк деп атады
Фото: "Кабар" агенттігі

БІШКЕК. КAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жиені Лаззат Нуркожоеваны ұзату рәсімінде Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағын пайдаланғаны үшін кешірім сұрады. Бұл туралы ол «Кабар» агенттігіне түсініктеме берді.

24 маусым күні Қырғызстандағы Оруу-Сай шатқалында 23 жастағы Лаззат Нуркожоеваның «Маған үйлен» рәсімі өткен. Салтанатты шарадан түсірілген видеоны Нуркожоеваның өзі Instagram парақшасында жариялады. Видеода қалыңдық пен күйеу жігіттің шатқалға ТЖМ-ға тиесілі тікұшақпен сәнді безендірілген платформаға келгенін көруге болады. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырап, Нуркожоеваны отбасылық байланысын пайдаланды деп айыптады.

Айта кетейік, Қырғызстан ТЖМ ресми түрде тікұшақтарды жалға береді. Тікұшақты бір сағатқа жалға алу құны – 185 000 сом (шамамен 2 150 доллар). Президент Жапаров өз түсініктемесінде тікұшақтарды жалға беруден келген қаржы бюджетке түсетінін, бұл ақшаға ТЖМ тікұшақ паркі жаңартылатынын баса айтты. Бұл ретте ол отбасы мүшелерінің ақша шашудан аулақ болуы керектігін атап өтті.

– Ел басшылығына жақын адамдар өзгелерге үлгі болуы керек. Мен ысырапшылдыққа нүкте қою керектігін жиі қайталаймын. Ең болмаса, болашақ күйеу бала осылай жасамас бұрын мені қолдап, ойлануы керек еді. Сынға ұшырамауға, Президентті ыңғайсыз жағдайда қалдырмауға тырысу керек еді. Менің ойымша, ол мұны балалықпен жасады. Ол жай ғана келіп қолын сұраса да, оған жоқ демес еді, – деді С. Жапаров.

Сондай-ақ, Жапаров туыстарына қатаң талап қоятынын, оларды бұрынғы қателіктерге жол бермеуге, мемлекет ісіне араласпауға үнемі шақыратынын атап өтті.

– Мен басқаларды сынайтынмын. Енді бұл жағдай өз басыма келді. Жиенім үшін халықтан кешірім сұраймын. Ол халықтың пікірін тыңдайды. Бұл жағдайдан дұрыс қорытынды шығарады деп есептеймін. Оның үстіне ол жаңа өмірін бастап, отбасын құрғысы келеді және оның әрбір қадамы болашақта парасатты болады деп сенемін, – дейді Қырғызстан президенті.

Соңғы жаңалықтар
telegram