Жапондардан нені үйренуге болады?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов небәрі 20 жасында жазған «Жапония» атты мақаласында күншығыс елінің 1861 жылы жүзеге асырған әйгілі «Мэйдзи» реформасын терең талдап, Алаш жұртына мықты идеология ұсынған болатын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар бастаған Алаш партиясы да өзінің басты бес ұстанымы негізінде Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрмақ болды.
None
None

Себебі ХХ ғасыр басында Азия кеңістігінде бірде-бір ел өз бостандығын, дербестігін дәл жапондардай сақтай алмаған еді. Алаштықтар ғылым-білімге ден қойған, ұлттық дәстүрге негізделген заңы бар жапон мемлекеттілігін үлгі тұтты. Қазір де саяси әрі экономикалық тұрғыда әлемде алдыңғы қатарлы ел болып отырған жапондардан үйренеріміз көп.

Жапон ұстамдылығы

Жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнің «Бет орамал» деген әңгімесі бар. Әңгіменің басты кейіпкері - жапон профессорының алдына бір күні өз студенттерінің бірінің анасы келеді. Ол баласының қайтыс болғанын естірте отырып, ұстазға оған берген білімі үшін алғысын айтады. Кенет профессор қолынан түсіп кеткен қағазды иіліп алып жатып, үстелдің астында әйелдің бет орамалды тынымсыз мыжғылап отырғанын көреді. Басын көтерсе, әйелдің жүзі жылы жымиып қана тұр. Қайта еңкейсе, әйел бет орамалды мыжғылап отырады. Әлгі әйелдің іші өкініштен өртеніп жатса да, сезімге ерік бермей отырған бұл қылығы профессорға нағыз жапон мәдениетінің символындай көрінеді.

1916 жылы жазылған бұл әңгімеде жапон мінезіндегі осы бір ерекше қасиет соншалықты шынайы берілгендігіне арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде бүкіл әлем көз жеткізді. 2011 жылы Жапон аралынан 70 шақырым қашықтықта қуаты 9 балдан асқан сұрапыл жер сілкінісі болды. Соның салдарынан теңіз бетінде биіктігі кей жерлерде 40 метрге дейін жеткен алып цунами туып, жағалауды түгел шайды. Фукусима-1 атом электр стансасы зақымданды: орасан зор радиациялық апат болып, электр стансасының айналасындағы 20 шақырымдық радиустағы аймақ «қауіпті радиациялық аймақ» деп жарияланды. 12 префектурада қаза тапқан адамдар саны 15870 адамға жетіп, 2846 адам із-түзсіз кетті, 6110-ы жараланды. Су беті ойыншық секілді қалқып жүрген машиналар, кемелер мен ұшақтарға толып кетті, мыңдаған үй мен ғимарат су астында қалды.

Осы сәтте әлемнің барлық арналары мен ақпарат агенттіктері қайғылы апат болған жерлерден хабарлар, репортаждар таратып жатты. Сонда қираған үйінің қасында сөйлеп тұрған жапон азаматтары сабырлы қалыптарынан танбай, ешкімді қарғап-сілемей, үкіметіне де өкпе артпай, билікті де кінәламай, апат болатынын ескертуі тиіс сейсмология қызметіне де тіл тигізбей болған жайды баяндап беріп жатты. Бұл - жапон ұлтының қанындағы ұстамдылық қасиетінің ерекше көрінісі еді.

Жапон адалдығы

Қазіргі уақытта шетелге бару бұрынғыдай қиын іс емес. Қажетті қаржы қалтаңызда болса, қай елдің де есігі ашық. Бірақ кім болса да баратын елі туралы біраз мәлімет жинап, онда қандай мәдениет, демалыс орындары барын, қандай тарихи нысандарды аралауға тұрарлығын, ол елдің қандай ерекшелігі барын, нені есте ұстап, неден сақтану керектігін түгел зерттеп алады. Бұл тұста оған ғаламтордағы пікірлер мен кеңестер көмекке келеді. Жапонияға саяхатынан алған әсерімен бөліскен жұрт бұл елдегі ерекше базар туралы тамсана айтады. Онда бағбан таңертең келіп, жемістерін, жанына таразысын қойып, бағасын жазып қалдырады да, кетіп қалады екен. Ал адамдар әлгі базардан керегін өлшеп алып, ақшасын қалдырып жүре береді. Қожайын кешке ақшасын жинап алып кетеді. Адамдарда жемістерді тегін әкету немесе біреулер қалдырған ақшаны қалтаға басып, тайып тұру секілді ой мүлде болмайды. Ол елде де кедей-кепшік, мұқтаж жандар бар, бірақ ондағы қоғамдық сана бөлек.

Бұдан басқа, бір жерде бағалы затын ұмыт қалдырып, біраз уақыттан кейін келсе, әлгі затын тұрған орнынан ешкім қозғамағанын көріп, таңғалған талай адам болған екен. Қоғамда осынша адалдық пен тәртіп орнауына жапондардың әрбірі есінен шығармайтын мына ұран себеп болуы бек мүмкін: «Жапондар ұрламайды, жапондар кешікпейді, жапондар алдамайды». Ал сауда орындарына бара қалсаңыз саудаласуға болмайды, себебі жапондықтар артық баға қоспайды және өсімқорлықты жақтырмайды.

Тағы бір ерекшелік, сауда орталықтарына, дәмханаларға кіреберісте қолшатыр қалдыратын орын болады. Әлгі жерге кірерде қолшатырыңыз қолайсыздық тудырмас үшін арнайы орынға қойып кетесіз, шығарда затыңыз қойған орнында тұрады. Біреу ауыстырып кету, алып кету деген мүлде болмайды.

Жапон еңбекқорлығы

Жер жүзінде өзінің еңбекқорлығымен ерекшеленген елдердің бірі - тағы да Жапония. Жапондар өздерінің кәсібилігін дәлелдеу үшін талмай еңбектенуге бар. Тіпті, кей ірі компаниялар қызметкерлері демалысқа шықпай қойғандықтан жылына бір ай жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болады екен. Былайша айтқанда, қызметкерлерін демалысқа қуғандай болып әзер шығарады. Ол ол ма, кейбіреулері сонша көп уақытын жұмыста өткізгендіктен әлсіреп, қызмет орнында есінен танып қалады екен.

Жапон халқы соңғы бір ғасырда өздерін еңбекке жеккені соншалық, оларда «инэмури» (қатысып отырып ұйықтау) деген дәстүр қалыптасқан. Бұл жұмыс орнында, қоғамдық көліктерде, қоғамдық орындарда ұйықтау дегенді білдіреді. Инэмуридің өзіндік ережелері де қалыптасып үлгерген. Мәселен, қызметкерлері басшының алдында ұйықтауға болмайды, ал басшы қызметкерлерінің алдында көз шырымын алуына рұқсат. Екіншіден, инэмури қоғамға қауіп төндірмеуі керек. Сол үшін көбіне қоғамдық көліктерде тұрып, жұмыс орнында орындықта отырып ұйықтау әдеті қалыптасқан.

Жапондар инэмуриге құрметпен қарайды. Мысалы, біздің елде біреу көшеде ұйықтап жатса көрген жұрт оны не мас, не есінен танып қалған адам деп ойлайды. Ал ол елде қоғамдық орында қалғып отырған кісіні түнге дейін жұмыс істейтін, еңбекқор адам деп таниды.

XX ғасырдың ірі менеджмент теоретигі, америкалық ғалым Питер Друкер: «Жапондықтардың құпиясы мынау: олар жұмысы туралы баяндама жасамайды, тек жұмысын жасайды», - деген екен. Міне, бұл да жапондықтардың еңбекқорлығын бүкіл әлем танып, мойындағандығын білдірсе керек.

Ербол ЖАНАТ

Соңғы жаңалықтар