Жапондық жүк тасымалдау компаниялары Қызыл теңіз арқылы тасымалды тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның кеме қатынасы ірі компаниялары аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қызыл теңіз арқылы тасымалдауды толығымен тоқтатып отыр, деп жазады ТАСС ақпарат агенттігі. 

кеме
Фото: Gerard Bottino / Keystone Press Agency / Global Look Press

Тиісті шешімді NYK Line, Mitsui OSK Lines және Kawasaki Kisen Kaisha қабылдады. Олар осы уақытқа дейін тек Израильмен байланысты кемелер тасымалымен шектелсе, енді барлық басқа кемелер де тасымалды тоқтатады.

Баламалы бағыт Африканың оңтүстігіндегі Қайырлы Үміт мүйісі арқылы өтеді, бұл жеткізу мерзімдерінің ұзаруына және тасымалдау құнының жоғарылауына әкеледі.

Бұған дейін жапондық Suzuki компаниясы Қызыл теңіздегі жағдайға байланысты Жапониядан құрамдас бөліктер, соның ішінде қозғалтқыштарды жеткізудегі үзіліс салдарынан Венгриядағы құрастыру зауытының жұмысын бір аптаға тоқтататынын хабарлаған болатын.

Еске сала кетсек, жұмаға қараған түні АҚШ пен Ұлыбританияның ұшақтары мен әскери кемелері кейінгі кезде Иранның қолдауымен Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуыл жасай бастаған Йемендегі көтерілісші хуситтер тобына соққы берді.

Хуситтердің кім екені және олар Израильге бет алған кемелерге неліктен шабуыл жасайтыны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.