Жапония мен АҚШ арасындағы тарифтік келіссөздерде ілгерілеу жоқ — Сигэру Исиба
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба сейсенбі күні Канадада өткен G7 саммиті аясында АҚШ Президенті Дональд Трамппен тариф мәселесі бойынша жүргізілген келіссөздер барысында ілгерілеуге қол жеткізілмегенін мәлімдеді, деп жазады Синьхуа.

«Никкэй» іскерлік газетінің мәліметінше, кездесуден кейін үкімет басшысы журналистерге екі ел арасында бұл мәселеге қатысты көзқарас айырмашылықтары әлі де бар екенін және жан-жақты келісімге қол жеткізілмегенін айтты.
Ол Жапония мен АҚШ келіссөздер барысында айтарлықтай күш жұмсағанын және министрлерге диалогты жалғастыруды тапсырғанын атап өтті. Алайда Сигэру Исиба келісімге қашан қол жеткізілетіні туралы нақты ақпарат беруден бас тартты.
Қазіргі уақытта Жапония АҚШ тарапынан автомобильдер мен олардың қосалқы бөлшектеріне 25 пайыздық, ал болат пен алюминийге 50 пайыздық тарифке тап болып отыр. Бұған дейін министрлер деңгейінде өткен келіссөздер де айтарлықтай нәтиже берген жоқ.
Еске салсақ, сәуір айында президент Дональд Трамп АҚШ-тың барлық сауда серіктестері үшін 10% тарифті және өзінің «Америка бірінші кезекте» атты бағдарламасы аясында өзге ондаған мемлекетке барлық саланы қамтитын жоғары баж салығын енгізуді қарастыратын пакетін ұсынды. Тізімді АҚШ тауарларына 67 пайыз ставка қойған Қытай бастап тұр. Бұл елге тариф 34 пайыз болды. Сондай-ақ тізімде Таиланд, Тайвань, Индонезия, Швейцария, Оңтүстік Африка, Үндістан, Оңтүстік Корея, Малайзия, ЕО және басқа елдер бар.