Жапония мен Қазақстан экономика, бизнес және экология саласында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді – Елші
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Жапонияның 126-ы Ұлы Мәртебелі Императоры Нарухитоның 64 жасқа толған туған күні аталып өтілді. Қазақстандағы Жапония елшілігі ұйымдастырған салтанатты шараға дипломаттар, Мәжіліс депутаттары мен басқа да құрметті қонақтар қатысты.

«Биыл 23 ақпанда 64 жасқа толған Жапонияның 126-ы Ұлы Мәртебелі Императоры Нарухитоның туған күнін сіздермен бірге атап өту мен үшін үлкен мәртебе. Біздің ортақ тілегіміз қандай да бір жолмен Астанадан Токиодағы мәртебелі император сарайына жетеді деп шын жүректен үміттенемін. Біздің Ұлттық күнге арналған қабылдауды Қазақстанда үшінші рет өткізіп отырмын. Жапонияда 3 наурызда тойланатын қыздар мерекесіне орай «Хина-Нингё» қуыршақтарын былтырғыдай кіреберіске қойдық. Жапонияда да, Қазақстанда да әйелдердің қоғамдағы әлеуетін одан әрі тереңірек түйсінуді жалғастырудамыз. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өте маңызды үрдісті ұлтты тұтастай алғанда болашаққа ілгерілетудегі зор әлеуетінің қайнар көзі ретінде атап өткені есімде», - деді Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Джун Ямада салтанатты шараның ашылуында.

Сондай-ақ, елші Қазақстанды гендерлік саясатта көшбасшы елдердің бірі екендігін айтты.
«Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова секілді беделді ханымдары бар Қазақстан осы саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі», - дейді ол.

Одан әрі Джун Ямада мырза Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасқа тоқталды.
«Әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдайға қарамастан Жапония мен Қазақстан өткен жылы өте жемісті және табысты дамуға қол жеткізді. Былтыр шілде айында Жапония-Қазақстан Парламенттік достық лигасының төрағасы Эндо мырза Астанаға келіп, бірқатар маңызды кездесу өткізді. Соның ішінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мырзамен кездесіп, сондай-ақ Президент Қ. Тоқаев мырзамен ізеттілік жүздесу өткізді», - дейді жапон елшісі.

Одан бөлек, елші Жапонияның Қаржы министрлігінің халықаралық істер жөніндегі вице-министрі Канданың Қазақстанға сапары, сол кездегі ҚР Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың Жапонияға сапары, Жапонияның бұрын Парламенттік Сыртқы істер министрі Ёшикаваның, Жапонияның Экономика сауда және индустрия министрі Кодзуки мырзаның елімізге сапары туралы айтты.
«Жапония мен Қазақстан экономика, бизнес және экология саласында ынтымақтастық айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Әсіресе, өткен жылы қазанда «Бірлескен несиелік механизм» бойынша ынтымақтастық туралы меморандумның жасалғанын атап өтуге болады. Бұл сәтті келісім болды, меморандумға Токиода өткен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке секторларының бірлескен комиссиясының отырысы қарсаңында қол қойылды. Бұл оқиға COVID-19 пандемиясына және басқа да факторларға байланысты 5 жылдық үзілістен кейін орын алды», - дейді Д. Ямада.

Оның айтуынша, биыл қаңтарда Жапонияның Экономика, сауда және индустрия министрі Сайто мен Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жасыл энергетикаға көшуді жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық меморандумға қол қойған.

«Арада үш күн өткеннен кейін Астанада жапон-қазақ бизнес форумы сәтті өтті. Мемлекеттік министр Кодзукидің жоғары атап өткен сапарының мақсаты – ішінара, екіжақты экономикалық қарым-қатынастағы осы маңызды оқиғаларға байланысты болған еді», - дейді ол.