Жапония өкілі алғаш рет ФИФА президенттігіне үміткер атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония футбол қауымдастығының бұрынғы президенті Кодзо Тасима ФИФА президенті лауазымына өз кандидатурасын ресми түрде ұсынды. Оның кандидатурасын бес ұлттық футбол федерациясы қолдаған. Бұл туралы Informsports.kz жазды.

Жапония өкілі алғаш рет ФИФА президенттігіне үміткер атанды
Фото: Instagram_Kozo tashima

68 жастағы Кодзо Тасима қазір Жапония футбол қауымдастығының құрметті президенті әрі 2015 жылдан бері ФИФА кеңесінің мүшесі. Ол ұйым президенттігіне үміткер ретінде тіркелуге ниет білдірген алғашқы жапониялық өкіл атанды.

ФИФА президенттігіне үміткер болу үшін кемінде бес ұлттық футбол қауымдастығының қолдауын алу қажет. Тасима бұл талапты орындағанымен, енді оның кандидатурасы белгіленген талаптарға сәйкестігі мен адалдығы тұрғысынан тексеруден өтуі тиіс.

Қазіргі уақытта президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін мәлімдеген тағы үш үміткер бар. Олар — ФИФА-ның қазіргі президенті Джанни Инфантино, Швейцария құрамасының бұрынғы капитаны Рамон Вега және Франция футбол федерациясының басшысы Филипп Диалло.

Джанни Инфантино ФИФА-ны 2016 жылдан бері басқарып келеді. Ол алдағы сайлауда тағы бір мерзімге президент болуды көздеп отыр. Бұған дейін оның қарсыластары ұйым басшылығын басқару жүйесі мен ашықтық мәселелеріне қатысты сынға алған. Кодзо Тасима да өз бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде басқару сапасы мен ашықтықты арттыруды атады.

ФИФА президентін сайлау 2027 жылғы 18 наурызда Рабат қаласында өтетін ұйымның 77-конгресі аясында ұйымдастырылады. Сайлауға ФИФА-ға мүше 211 ұлттық футбол қауымдастығының барлығы қатысып, дауыс бере алады.

Бұған дейін FIFA президенті Джанни Инфантино келесі жылы ұйым басшысы қызметіне қайта сайлану үшін кандидатурасын ұсынғысы келетінін жаздық.