Жапония премьер-министрі Ауыл шаруашылығы министрінің күрішке қатысты сөзі үшін кешірім сұрады

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның ауыл шаруашылығы министрі Таку Это өзінің күріш сатып алмайтыны туралы айтқаннан кейін сынға ұшырады. Ол бұл өнімді өз жақтастарынан көп мөлшерде тегін алатынын мәлімдеген, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Kyodo News агенттігіне сілтеме жасап.

Жапония премьер-министрі Ауыл шаруашылығы министрінің күрішке қатысты сөзі үшін кешірім сұрады
Фото: Kyodo News

Бұл мәлімдеме күріш бағасы күрт қымбаттаған тұста айтылды.

Министрдің бұл сөзі жексенбі күні өткен қаражат жинау шарасында айтылды. Ол кезде министрлік күріш бағасын тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік қордағы күрішті нарыққа шығару туралы шешім қабылдаған болатын. Өткен жылмен салыстырғанда, өнім аз болуына байланысты күріш бағасы екі есе өсіп, жоғары деңгейде қалып отыр.

— Мен күріш сатып алмаймын, өйткені оны жақтастарым молынан береді. Үйімде соншалық көп, өзім де сата алатындаймын, — деді Таку Это.

Жапон үкіметі күріш қорының нарыққа тек наурызда шығарылғаны үшін сынға қалды. Айта кетейік, бағаның өсуі өткен жылдың күзіне қарай басталған еді.

Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба министрдің мәлімдемесін «өте орынсыз» деп атады.

Жапония премьер-министрі Ауыл шаруашылығы министрінің күрішке қатысты сөзі үшін кешірім сұрады
Фото: Kyodo News

— Мен оны тағайындаған адам ретінде кешірім сұраймын. Бұл үшін мен де жауаптымын, — деді ол журналистерге министрден түсініктеме тыңдамас бұрын.

Күріш бағасының өсуі жапон халқы үшін жағдайды күрделендіріп отыр. Олар бұған дейін де азық-түлік пен энергия бағасының қымбаттауынан зардап шегіп келген.

Kyodo агенттігінің демалыс күндері жүргізген сауалнамасына сәйкес, респонденттердің шамамен 87%-ы үкіметтің күріш бағасының өсуіне қатысты әрекеттеріне наразы екенін білдірген. Сондай-ақ, Исиба кабинетін қолдау деңгейі оның өткен жылдың қазан айында қызметке кіріскен кезінен бергі ең төменгі көрсеткішке түсті.

Бұған дейін Жапонияның күріш тапшылығының орнын толтыру үшін Оңтүстік Кореядан күріш сатып ала бастағаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар