Жапония шетелдіктерге қатысты мәселелерді шешу үшін арнайы орган құрды
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония үкіметі жергілікті тұрғындар мен шетелдіктердің үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз ету үшін жаңа кеңсе құрды, деп хабарлайды NHK World-Japan.

Аталған кеңсе Министрлер кабинеті хатшылығының құрамына кіреді және оның құрамында Кабинет, Әділет министрлігі мен басқа да ведомстволардың өкілдері бар. Кеңсенің ресми ашылу салтанаты сейсенбі күні Премьер-министр кеңсесінде өтті.
Премьер-министр Сигэру Исиба Жапонияның туу көрсеткішінің төмендеуімен, халықтың қартаюы мен санының азаюымен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Сондықтан да ол шетелдік еңбек мигранттарын тарту мен туристердің ел ішіндегі шығынын арттыру арқылы сыртқы ресурстарды тиімді игеру қажет екенін жеткізді.
Сондай-ақ Исиба кейбір шетелдіктердің қылмыстық әрекеттері, тәртіпке сай емес мінез-құлқы мен жүйелерді теріс пайдалануы жапон қоғамында алаңдаушылық пен әділетсіздік сезімін тудырып отырғанын айтты.
Оның айтуынша, үкіметтің маңызды міндеті – ережелерді сақтамайтындарға қатаң шаралар қолдану және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтін жүйелер мен шараларды қайта қарау.
Премьер жаңа кеңсе қызметкерлеріне шетелдіктердің алаң тудырған әрекеттерін зерделеуді және түрлі жүйелерді қайта қарауды тапсырды.
Айта кетейік, 2024 жылы Жапонияда туған балалардың саны өткен жылмен салыстырғанда 5,7%-ға төмендеп, 686 061 баланы құрады.
Бұған дейін Жапонияда 60 жастан асқан әжелерді «жалға алу» қызметі танымал болып келе жатқанын жазған едік.