Жапония үкіметі резервтен қосымша 200 мың тонна күріш бөлмек
АСТАНА. KAZINFORM – Жапония үкіметі мемлекеттік қордағы күріштің тағы 200 мың тоннасын бөлуді жоспарлап отыр. Бұл көлем күрішті тікелей келісімшарттар арқылы бөлшек саудагерлерге сату арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы сейсенбі күні Ауыл шаруашылығы министрі Синдзиро Коидзуми мәлімдеді, деп хабарлайды Kyodo News.

Осылайша, елде шамамен 100 000 тонна күріш қоры ғана қалады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 910 000 тонна болған, алайда наурыз-сәуір айларында үкімет оны аукцион арқылы сата бастағаннан кейін күрт азайған. Қордың тез таусылуы төтенше жағдай кезінде күріштің жеткіліксіз болуы мүмкін деген алаңдаушылық тудырды.
Синдзиро Коидзуми күріштің шағын супермаркеттер желілеріне, мамандандырылған дүкендерге және ірі бөлшек сауда орындарына бөлінетінін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өтінімдерді сәрсенбіден бастап қабылдай бастайды.
Жапония дүкендерінде өткен жаздан бері күріш тапшылығы байқалып келеді. Бұл жағдай күріш бағасының жоғары деңгейде сақталуына себеп болды. Биылғы баға былтырғыдан екі есе қымбат.
Айта кетейік, Синдзиро Коидзуми Жапонияның ауыл, орман және балық шаруашылығы министрі қызметіне бұрынғы министр Таку Это қызметінен кеткен соң тағайындалған болатын. Таку Это күрішті сатып алмайтынын, себебі оны жақтастары көп мөлшерде сыйлайтынын айтқаннан кейін сынға ұшырап, отставкаға кеткен еді.