Жапонияда автокөлік бір топ баланы қағып кетті
ТОКИО. ҚазАқпарат - Сига префектурасында жол көлігі оқиғасы болып, автокөлік бір топ балаларды қағып кетті. Бұл жайлы сәрсенбі күні жергілікті құқық қорғау органдары хабарлады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиғаның Оцу қаласында болған. Көше қиылысында екі көлік соқтығысқан. Көлік құралдарының бірі инерциямен келіп, тәрбиешілерімен серуенге шыққан балабақша жасындағы бір топ баланы қаққан. Бұл уақытта олар жолдың арғы бетіне өту үшін бағдаршамның жасыл түсінің жанғанын күтіп тұрған.
Жергілікті құтқару топтарының айтуынша, 13 адам ауруханаға жеткізілді. Екі бала мен тәрбиешісі ес-түссіз жатыр. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның жай-жапсарын анықтап жатыр.
Фото: Mainichi Japan