Жапонияда егде жастағы халық 30%-ға жақындады

АСТАНА. KAZINFORM — Жапониядағы 65 жастан асқан егде жастағы адамдар жалпы халық санының 29,4%-ын құрайды, бұл бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш саналады, деп жазады Синьхуа.

Жапония
Фото: Синьхуа

Бұл туралы Жапония Ішкі істер және коммуникациялар министрлігі жексенбі күні жариялаған ресми деректерде айтылды.

Министрліктің бағалауынша, 15 қыркүйек — «Қарттарға құрмет көрсету күніне» — сәйкес егде жастағы халық саны 36,19 миллион адамды құрады. Қариялардың жалпы халық ішіндегі үлесі 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, рекордтық 29,4%-ға жетті.

Жұмыс күші туралы шолуға сәйкес, өткен жылы 9,3 миллион қарт адам еңбекпен қамтылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 160 мыңға көп. Бұл көрсеткіш те рекордтық мәнге ие.

65 жастан жоғары адамдар арасында еңбекпен қамту деңгейі 25,7%-ға жетіп, 0,5 пайыздық тармаққа өскен. Жас топтары бойынша бөлгенде, 65-69 жас аралығындағы адамдардың еңбекпен қамтылу деңгейі — 53,6%, 70-74 жас аралығындағы — 35,1%, ал 75 жастан асқандардың — 12,0% болды.

Министрлік бұл үрдісті еңбек ресурстарының жетіспеушілігімен түсіндіреді. Сондай-ақ, зейнеткерлік жасын арттыру да әсер етеді. Егде жастағылардың белсенді болу мүмкіндіктері кеңіп жатыр. Сондықтан еңбекпен қамтылған қариялар санының одан әрі өсуі күтіліп отыр.

Бұдан бұрын Жапонияда 23 жастағы жігіт сыныптасының 83 жасар әжесіне ғашық болып, оған үйленуді жоспарлап отырғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар