Жапонияда ел намысын қорғаған спортшылар жүлделі оралды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана тұрғындары Жапония астанасы Токиода төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі дода — Сурдлимпиада ойындарында сурдо дзюдодан ел намысын қорғаған елорда спортшыларын әуежайдан қарсы алды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Жапонияда ел намысын қорғаған елордалық спортшылар елге оралды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Жеңімпаз спортшылар — Әмина Файзулина мен Сабыржан Хапизовты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левиттің өзі арнайы қарсы алды.

— Жарысқа екі шәкіртіміз қатысты. Арамызда қыздар арасынан алғашқы тарихи чемпионымыз бар. 17 жасар қызымыз Әмина Файзулина жеке біріншіліктен чемпион болды. Ал команда біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды. Екінші шәкіртіміз Сабыржан Хапизов ауыр салмақта күресті. Ол осымен екінші олимпиадасында қола жүлде алып отыр. Ол команда біріншілігінде алтын жүлдегер атанды. Сонымен Астанаға 2 алтын, 1 күміс, 1 қола сыйлап отырмыз. Токиодада жарыс жоғары деңгейде өтті. 80-дей мемлекеттің спортшылары дзюдода бақ сынасты. Осы жарыста қазақ спортшылары сенсация тудырды. Діттеген мақсаттарымызды жүзеге асырып келдік, — деді ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спортшылардың жеке бапкері Болат Данияров.

Айта кетейік, 15-26 қараша аралығында Жапонияның астанасы — Токиода XXV Сурдлимпиада ойындары өтіп жатыр. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода биыл ерекше тарихи мәнге ие — Сурдлимпиадалық қозғалыстың 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Биылғы ойындарда 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 209 дисциплина бойынша бақ сынап жатыр. Астана қаласының атынан ел намысын 4 спорт түрінен (сурдо дзюдо, сурдо үстел теннисі, сурдо таеквондо, сурдо жүзу) 5 спортшы қорғап жатыр.

Еске салайық, қазақстандық спортшылар Ислам ынтымақтастығы ойындарында 56 медаль жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар