Жапонияда қалың қар салдарынан ондаған адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы екі аптада Жапонияның солтүстігінде жауған қалың қар жолдарды бұғаттап, шамамен 40 адамның өліміне себеп болды.
Қалың қар жаууы салдарынан шамамен 400 адам зардап шекті, деп жазды Nikkei.
Жапония бойынша тіркелген өлім мен жарақат алу оқиғаларының көбі адамдар үйлерін қардан тазалауға тырысып жатқан кезде құлауынан болған.
— Қауіпсіздікке ерекше назар аударыңыз, әсіресе қар тазалаған кезде каска киіңіз немесе сақтандыру арқанын пайдаланыңыз, — деп мәлімдеді Министрлер кабинетінің бас хатшысы Минору Кихара тілшілерге.
Дауыл 15 префектураға әсер етті, бағалау бойынша, ең қатты зардап шеккен аудандарда қардың қалыңдығы 2 метрге жеткен.
Соңғы күндері Жапонияның кейбір бөліктерінде әдеттен тыс қалың қар жауды, бұл негізінен Жапон архипелагының үстінен Арктикадан келген суық ауа массасының әсерінен болды.
Жапонияда қарға байланысты жазатайым оқиғалар сирек жағдай емес: Өрт қауіпсіздігі және апаттар салдарын жою агенттігінің мәліметінше, өткен жылы қыстың алғашқы алты айында 68 адам көз жұмған.
Синоптиктер осы апта соңында Жапонияның солтүстігінде қалың қар жауатынын ескертті.
Бұған дейін Ауғанстанда қалың қар мен нөсер салдарынан 61 адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.
Ал Атырау облысында көктайғақтан 50-ден астам жылқы өліп қалды.