Жапонияда робот арқылы қатерлі ісікке алғаш рет қашықтан ота жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда тамыз айынан бастап ішек қатерлі ісігіне шалдыққан бес науқасқа хирургиялық роботтың көмегімен сәтті ота жасалды. Роботты әртүрлі жерде орналасқан дәрігерлер қашықтан басқарған, деп хабарлайды Kazinform Kyodo агенттігіне сілтеме жасап.
Хиросаки университеті мен Жапон хирургиялық қоғамының хабарлауынша, жаңа тәсіл дәрігерлердің жетіспеушілігі мен медицина мамандарының аймақтар бойынша біркелкі бөлінбеуі мәселесін шешуге көмектеседі.
Операцияларды Хиросаки университетінің ауруханасы мен Цугару ауруханасының мамандары жүргізді. Екі медициналық мекеме де Жапонияның солтүстік-шығысындағы Аомори префектурасында орналасқан.
Ота жасау кезінде хирургтардың бірі жапониялық Medicaroid компаниясы құрастырған Hinotori роботын тікелей басқарса, екінші маман басқа жерден қашықтан қосылып, роботтың көмегімен әріптесіне қолдау көрсеткен.
Хиросаки университеті мен Жапония хирургиялық қоғамының мәліметінше, бұл — Жапония тарихында хирургиялық роботтың көмегімен әртүрлі жерде отырған дәрігерлер бірлесіп ота жасаған алғашқы клиникалық жағдай.
Жоспар бойынша, наурызға дейін әдістің қауіпсіздігін тексеру үшін тағы бірнеше ота жасалады. Одан кейін ұйымдастырушылар қажетті жабдықтарды қолдануға рұқсат алып, қашықтан робот арқылы жасалатын оталарды ұлттық медициналық сақтандыру жүйесіне енгізуге күш салмақ.
— Біздің басты мақсатымыз – шалғай өңірлердегі науқастардың да сапалы хирургиялық көмек алуына мүмкіндік жасау, – деді Токай университетінің профессоры, Жапония хирургиялық қоғамының қашықтан хирургияны дамыту комитетінің төрағасы Масаки Мори.
Оның сөзінше, қашықтан басқарылатын робот арқылы ота жасау технологиясын шамамен екі жылдан кейін кеңінен қолдану жоспарланып отыр.
Хиросаки университеті мен Жапония хирургиялық қоғамы қашықтан ота жасау әдісін бүкіл елге енгізуді жоспарлап отыр. Бұл науқастарға тұрғылықты жеріне жақын жерде қажетті хирургиялық көмек алуға, сондай-ақ басқа өңірлерге барып емделуге кететін уақыт пен шығынды қысқартуға көмектеседі.
Бұған дейін Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштері әскер тапшылығына байланысты ЖИ-мен жасақталған адам тәрізді роботтарды қорғаныс саласында қолдануды зерттеп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.