Жапонияда Сакурадзима жанартауы атқылай бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның оңтүстігіндегі Кагосима шығанағындағы түбекте орналасқан Сакурадзима жанартауы атқылағанын Жапония метеорология басқармасының деректеріне сілтеме жасап Анадолы хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, атқылау жергілікті уақытпен 00:57-де болды. Күл бағаны шамамен 4 400 метр биіктікке көтерілген.
Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жөнінде ақпарат жоқ. Жақын маңдағы елді мекендерде де ғимараттардың зақымдануы тіркелмеген.
Атқылаудан кейін жанартаудың белсенділігі жалғаса түсті. Билік көршілес префектураларға түтін мен күлдің таралуы мүмкін екенін ескертті.
Сакурадзима Жапониядағы ең белсенді жанартаулардың бірі болып саналады. 2016 жылдың ақпанынан бері оның кратеріне кіру шектелген. Жанартауға екі километрден жақын баруға тыйым салынған.
Жанартау орналасқан түбек бұрын Кагосима шығанағындағы жеке арал болған. Алайда 1914 жылғы Жапония тарихындағы ең ірі атқылаудан кейін лава ағындары шығыс жағалаудың бір бөлігін толтырып, аралды Осуми түбегімен қосып жіберді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Гавайидегі Килауэа жанартауынан қайтадан рекордтық деңгейде лава фонтандары атқылағанын жазған едік.