Өз борышымды атқарғаным үшін қуаныштымын - Жапониядағы Қазақстан азаматы

АСТАНА. KAZINFORM — Шетелдегі Қазақстан азаматтары да референдумға белсенді түрде қатысып жатыр. Солардың бірі - Жапонияда тұратын Медет Жұқұш. 

Жапонияда тұратын Қазақстан азаматы референдумда дауыс берді
Фото: Медет Жұқұштың жеке архивінен

Ол химия саласында ғылыми зерттеумен айналысады және шетелде жүрсе де елдегі маңызды саяси оқиғаларға бейжай қарамайтынын айтады. Пайымдауынша, мұндай шешімдердің қабылдануына қатысу – әрбір қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігі. 

— Жапонияның Йокохама қаласында тұрамын. Осында 2022 жылдың қазан айында жұмыс бабымен көшіп келдік. Сол кезден бері осында тұрамыз. Өзімнің азаматтық борышымды атқарғаным үшін қуаныштымын, — деді ол Kazinform тілшісіне.

Референдум учаскесіне арнайы барып дауыс беру толғанысқа толы сәт екенін айтады, себебі елдің болашағына әсер ететін шешім қабылданады.

— Бұл жолы Конституцияның көп жері жаңартылғалы отыр. Сондықтан бұл - маңызды саяси қадам, ел болашағы айқындалады, — деді Медет Жұқұш. 

ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлім еткендей, шетелдегі барлық референдум учаскелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған. Ең бірінші болып дауыс беруді Корея мен Жапонияда тұратын қазақстандықтар бастады.

Айта кетсек, қазіргі уақытта әлемнің 40-тан астам елінде референдум учаскелері жұмыс істеп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар