Жапонияда жаңа босанған әйелдерге арналған қонақүйлер көбейіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда босанғаннан кейін аналарды қолдауға бағытталған жаңа қонақүй қызметі дамып келеді. Бұл қонақүйлер әйелдерге жаңа туған нәрестелерімен демалуға жағдай жасайды, ондағы акушерлер мен бала күтімі мамандары тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бұл туралы Kyodo агенттігі жазды.

Гостиницы для восстановления после родов становятся популярными в Японии
Фото: Kyodo

Қазір Жапонияда осындай қонақүйлер саны 20-ға жеткен.

Қызметкерлер балаларға күтім жасаған кезде, әйелдер демалып, қалпына келе алады. Жас аналардың жұбайлары мен үлкен балалары да қонақүйге келуіне болады.

Аналарға ыңғайлы болуы үшін аласа төсектер мен дивандар қойылған, бұл нәрестелерді жайлы тамақтандыруға және күтуге мүмкіндік береді.

Қонақүй саласы өкілдерінің айтуынша, қонақүйге көптеген әйелдер қатты эмоционалдық күйзеліс жағдайында келеді, ал кетерде өздерін айтарлықтай жақсы сезінеді.

Бұл қызмет түріне деген сұраныстың артуының бір себебі, қазір жапон қоғамында жас отбасылар ерте еншісін алып шығады. Балалы болғаннан кейін әйелдер отбасылық қолдауға мұқтаж болады.

Былтыр осы саладағы компаниялар Жапония босанғаннан кейінгі күтім қонақүйлері қауымдастығын құрды. Ұйым сала қатысушылары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және халықты осындай қолдаудың қолжетімділігі туралы хабардар етуге бағытталған.

Айта кетейік, акушерлер әйел босанар кезде күйеуінің қолдауы маңызды екенін айтады.

БҰҰ әлемде әкелердің декреттік демалысы аналарға қарағанда сегіз есе қысқа екенін мәлімдеген болатын.