Жапониядағы аукционда манго жемісінің екі данасы 3,7 мың долларға сатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапониядағы аукционда манго жемісінің екі данасы рекордтық бағаға - 400 иенаға (3,7 мың долларға жуық) сатылды.
Бәссауда елдің оңтүстігіндегі Миядзаки қаласында өткен.
Лотқа сыртқы қабығы ашық- алқызыл түсті, құрамында 15 пайыз қант бар, салмағы 350 грамм тартатын жемістер қойылды.
Мангоның жалпы салмағы бір келіден асатын екі данасын Фукуока қаласындағы әмбебап дүкеннің иесі сатып алды. Оның айтуынша, жемісті сауда мекемесін жарнамалау үшін витринаға қоймақ.
Мұндай аукциондар Жапонияда ұдайы болып тұрады. 2016 жылы мамыр айында Саппоро қаласында елге кеңінен танымал юбари сұрыпты екі қауын рекордты сомаға - 1,6 миллион иенаға (16 мың доллардан астам) сатылған еді.
Айта кеткен жөн, мангоны -тропикалық жемістердің патшасы деп есептейді. Әрі ең тәттісі де, дәмдісі де.
Манго сөзін санскрит тілінен аударғанда «ұлы жеміс» деген мағынаны білдіреді.
Жеміс осыдан 4000 жыл Үнді жерінде өскен. Содан да шығар, манго үндістердің ұлттық жемісі саналады.
Бүгінгі таңда Азия құрлығындағы бірнеше елде, атап айтқанда Филиппин, Тайланд, тіпті Африкада да осынау мәңгі жасыл болып тұратын жеміс ағашы өсіп тұр. Оның құрамындағы А дәрумені адамның бойына күш құяды. Сондай-ақ С дәрумені мен калийдің де мөлшері баршылық.