Жапонияның ғарыш саласындағы дағдарысы: Жаңа зымыран тасымалдағыштарды ұшыру неліктен сәтсіздікке ұшырап жатыр

None
Фото: wikipedia.org
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сейсенбі, 7 наурыз күні Жапонияның су жаңа флагмандық «Н3» ғарыш зымыранын ұшыру сәтсіздікке тап болды. Зымыранды ұшыру Күншығыс елінің оңтүстігіндегі Танегасима ғарыш айлағында жүзеге асырылды. Зымыран тасымалдағышты ұшыру сәтті болған кезде Жапония орбитаға ұшу аппараттарын шығаруды бұған дейінгіден біршама арзандату мүмкіндігін алып, дербес ғарыш бағдарламасының автономдылығын нығайта түсер еді. Жапонияның ғарыш саласында қандай жайттар орын алып жатқанын ҚазАқпарат матералынан оқыңыздар.

Үлкен старт

«Н3» зымыран тасымалдағышы «ALOS-3» деп аталатын Жерді байқауға арналған жапондық зымыранды орбитаға шығаруы тиіс болатын. Осынау картаға түсіруге, суреттерді өңдеуге арналған су жаңа орбиталық аппарат табиғи апаттармен күресте басты құралға айналуы қажет еді. Дегенмен, ұшыру сәтсіздікке тап болып, зымыран әуеге көтерілгеннен кейін не бәрі 15 минуттан соң диспетчерлер аппараты өзін өзі жоюға пәрмен берді.


Фото: PAP/EPA/JIJI PRESS

«Н3» зымыранына өзін өзі жою пәрмені шамамен сағат 10:52-де (Жапония уақытымен) берілді. Өйткені, миссияны орындауға ешқандай мүмкіндік болған жоқ», - делінген Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі (JAXA) таратқан мәлімдемеде.

«Н3» - жапон ғарышкерлігінің флагманы

Жапония әзірлеп отырған «Н3» зымыран тасымалдағышы елде бұған дейін қолданыста болып келген «Н-ІІА» және «Н-ІІВ» зымырандарының орнын басуы тиіс еді. Жоба сонау 2013 жылдың өзінде Жапония Үкіметі тарапынан бекітіліп қойған. Зымыранды әзірлеумен «JAXA» аэроғарыштық зерттеулер агенттігі «Mitsubishi Heavy Industries» компаниясымен бірлесіп, айналысты. Бағдарлама бюджеті де қомақты. 1,9 млрд АҚШ долларын құрайды. Токио әзірлеген «Н3» зымыран тасымалдағышы Жапонияның ғарыштық бағдарламасының үш мақсатына қол жеткізуге бағытталған: жоғары икемділік, сенімділік және үнемділік.

Жапондық «JAXA» агенттігі «жоғары икемділік» - бұл клиенттердің сұраныстарына жедел үн қатуға, оның ішінде пайдалы жүктеме салмағы тұрғысында, ұшыруға дайындық кезеңін қысқартуға мүмкіндік беретін зымыран тасымалдағыштың түрлі конфигурациясы дегенді білдіреді.

Екінші компонент – «жоғары сенімділік». Бұл «Н3» аппаратының «Н-ІІА» зымыран тасымалдағышының сәтті ұшыруларын мұраға алатындығын білдіреді. Шындығында да сұйық отын қолданылатын «Н-ІІА» зымыраны сонау 2001 жылы ғарышқа ұшырылған болатын. 2021 жылдың соңына дейін «H-IIA» зымыраны 45 рет ұшырылды. Ал 2003 жылдың 29 қарашасынан бергі 39 ұшырылым кезінде ешқандай ақау болмаған. Басқаша айтар болсақ, бұл өз буыны үшін өте сенімді техника саналады.


Фото: Wikipedia

Ал «Н-ІІВ» зымыран тасымалдағышы сұйық отынды зымыран саналады, оның қатты отынды үдеткіші бар. Ол 2009 жылы алғаш рет ұшырылды. 2020 жылға дейін жүзеге асырылған барлық 9 ұшуда кінәрат болған жоқ.

Бұған қоса, «JAXA» агенттігі жаңа «Н3» зымыранын ұшыру құны «Н-ІІА» зымыранына қарағанда 2 есеге жуық арзан екенін алға тартады. Сонымен қатар «НЗ» зымыранының қатты отынды үдеткішсіз (H3-30S) базалық нұсқасы 500 шақырым биіктіктегі орбитаға 4 тоннаға дейін пайдалы жүкті жеткізе алады. Ал ұшыру құны шамамен 45 млн долларды құрайды. Зымыран тасымалдағыштың максималды конфигурациясы (H3-24L) орбитаға салмағы 6,5 тоннадан асатын спутниктерді жеткізуге қауқарлы.

Ұшырулардағы сәтсіздіктің ықтимал себептері

Таяудағы «ALOS-3» спутнигін орбитаға шығарудағы келеңсіздік Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі мен «Mitsubishi Heavy Industries» компаниясының екінші сәтсіздігі саналады. 2023 жылдың 16 ақпанында зымыран-тасымалдағыштың бірінші сатысында ақау анықталған болатын. Нақтырақ айтқанда, зымыранның қатты отынды 2 үдеткіші әзірлеушілер жоспарлағандай іске қосылмай қалды.


Фото: twitter.com/JapanGov

«Іске қосу қондырғысы жинау цехына кері жеткізілді. Әзірше себептері анықталып жатыр», - деп жазған еді Space.com порталы.

Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі зымыранды ұшыруды тоқтатуға «НЗ» зымыранының бірінші сатысын қоректендіретін 2 «LE-9» қозғалтқышына қуат беретін электр жүйесіндегі ақау себеп болғанын мәлімдеген еді. Басқару блогы ақауды бірден анықтап, зымыранның қатты отынды үдеткішін іске қосу пәрменінің алдын алған.

«JAXA» үшін «жақсы жаңалық» ақпанда «НЗ» зымыраны да, оның жетілдірілген «ALOS-3» жерүсті байқау спутнигі де, жерүсті құрал-жабдықтар да бүлінген жоқ.

«AI Kuni» Youtube-арнасы авторларының пайымынша, «НЗ» зымыранын сәтті ұшыруды қиындатуы мүмкін бірнеше фактор бар. Ең алдымен жаңа модуль бұған дейінгі жапондық зымыран-тасымалдағыштардан 6 метрге ұзын. Бұған қоса, жапон мамандары зымыранды ұшыруды барынша үнемді етуге, яғни 2 есеге арзандатуға ұмтылып отыр.


Видеодан алынған кадр

Мәселен, қазіргі уақытта америкалық «Falcon-9» зымыранын ұшыруға 50 млн доллар шығындалады. Ал Жапония бұған дейін «Н-ІІА» зымыранымен орбитаға спутниктер мен жүктер жеткізу үшін 90 млн доллар жұмсап келген еді. Енді «НЗ» зымыранын орбитаға шығару шығыны 50 млн доллар болмақ.

Мамандар жапондық конструкторлардың зымыран ұшыру шығындарын бірден 2 есеге төмендету сырын іздеп бас қатыруда. Мүмкін барлық мәселе «НЗ» зымыранына қолдану жоспарланып отырған жаңа қозғалтышта шығар. Өйткені, бұған дейінгі жапондық «Н-ІІА» зымыраны «LE-5B» қозғалтқышымен жабдықталған болатын. Ал «НЗ» зымыранында жетілдірілген «LE-5B-3» қозғалтқышы қолданылмақ. Оның бағасы алдыңғы баламасынан әлдеқайда арзан.


Фото: JAXA

Жапон баспасөзіне сұхбат берген ғарыштық саясатқа маманданған Осака университетінің профессоры Хиротака Ватанабэ «бұған дейін кейінге шегерілген оқиғаға қарағанда бұл жолғы «НЗ» зымыранын ұшыруды тоқтату толықтай сәтсіздікті білдіретіндігін» атап өтеді.

«Бұл Жапонияның ғарыш саясатының болашағына, ғарыштық бизнес пен технологиялық бәсекеге қабілеттілігіне айтарлықтай ықпалын тигізетін болады», - деді Хиротака Ватанабэ.

Айта кетерлігі, апат болған күні «НЗ» зымыранын жасап шығарған «Mitsubishi Heavy Industries» компаниясының акциясы жергілікті биржаларда 1,8 пайызға құлдырады.


Фото: JAXA


Соңғы жаңалықтар