Жапонияның Осака қаласы - ЭКСПО-2025 көрмесін өткізуге үміткер
Кездесу барысында Ерлан Баударбек-Қожатаев губернаторды жеделдетілген технологиялық модернизациялау аясында Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Елші сонымен қатар «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық барысы туралы айтып, префектура делегациясын осы жазда Астанаға сапар жасауға шақырды.
И. Мацуи әлем мемлекеттері үшін өзекті болып отырған көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбының ерекше маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның өзінің бай табиғи ресурстарының бар екеніне қарамастан, балама қуат көздерін дамытуға және экологияны сақтауға көңіл бөліп отырғанын маңызды деп атады.
Өз тарапынан губернатор Осака ЭКСПО-2025 әмбебап көрмесін өткізуге өтінім жасауды жоспарлап отырғанын хабарлады. 1970 жылы Осака қаласы 64 млн. қонақты жинап, рекорд көрсеткен ЭКСПО көрмесін өткізген болатын.
И. Мацуи әкімшілігінің 2025 жылы ЭКСПО өткізу бойынша өтінім жасауға қатысты дайындық жұмыстарымен танысытырды. Осы күндері арнайы комиссия отырысы өткізіліп, оның барысында өтінімнің тақырыбы талқыланып жатқанын атап өтті. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, ол «Болашақ қоғам өмірінің денсаулығы» болуға тиіс. И. Мацуи Жапония және басқа да дамыған елдерде халықтың қартаю проблемасының бар екенін және осы себептен көрме тақырыбын қоғам денсаулығына арнағысы келетінін жеткізді.
Губернатор Қазақстан тарапын Осакада халықаралық көрме өткізу идеясына қолдау көрсететініне үміт артып, Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге табыс тіледі.