Жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қарудың қай бөлігі табылғаны белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов ұрланған қарудың қай бөлігі табылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қарудың қай бөлігі табылғаны белгілі болды

«Құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алудың негізгі мақсаты - атыс қаруын иемдену. Атап айтқанда, Алматы облысында полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатамет, сондай-ақ 23 мыңнан астам патрон ұрланған. Жамбыл облысында - 209 автомат, 134 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық патрон», - деді Е. Қилымжанов.

Оның айтуынша, Алматы резиденциясында қиратулардан кейін 130 қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анықталды. Соның арасында - 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатамет және снайпер мылтығы.

«Сондай-ақ, он аңшылық дүкен тоналды, сол жерден 1 629 мылтық ұрланды. Жалпы алғанда, үш мыңнан астам қару ұрланған. Осы көлемнің тек үштен бірі немесе 967 -сі ғана табылды. Ал екі мыңнан астамы, соның ішінде гранаталар, пулеметтер, мылтықтар, тапаншалар мен гранатомет әлі де қылмыскерлердің қолында», - деді Бас прокуратура өкілі.