Жариясыз жақсылық олардың өмірін өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM – Наурыздың Қыдыр атасы, Исламның Қадір түні, Жаңа жылдың Аяз атасы. Бұл ұғымдар - мереке мен салт-жоралғының атрибуты ғана емес, ғасырлар бойы адамзатқа ізгілік дейтін сезімнің бар екенін ұмыттырмай, мейірімнің тамырына қан жүгіртіп отыратын сакралды дүниеге айналған. Жасқа да, жасамысқа да үміт сыйлай келетін Жаңа жыл қарсаңында жариясыз жасалған жақсылықтың арқасында өмірі өзге арнаға бұрылған үш кейіпкердің оқиғасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жариясыз жақсылық олардың өмірін өзгертті
Kazinform: Kazinform/DALL-E

Атқұмар Мақсат

Мақсат Еркебаевтың оқиғасын АҚШ-та жүлде алған «Шектеусіз үміт» атты деректі фильмнің таныстырылымында алғаш естідік.

Мақсат Еркебаев
Фото: видеодан алынған скрин

Фильмге арқау болған бес кейіпкердің бірі - осы Мақсат. Церебралды сал ауруымен туған баланың Жаңа жыл алдында тілеген арманы орындалып, жылқы терапиясына қол жеткізген. Анасы Ақмарал Сламаова сол бір қуанышты сәтті бізге қысқаша баяндап берді.

- 1,5 жастан бастап Мақсат айналасындағы бүкіл затты, бүкіл адамды «ат» деп атады. Тілі «ат» деген сөзбен шықты. Былтыр баламыз Жаңа жылға тілек жазғанда атты жақсы көретінін айтыпты. Сол тілегі жетсе керек, шотына 100 мың теңге түсті. Бұл - әкесіне қамшы болды. Үстіне өзі ақша қосып, баламызға ат алып бердік. Бірнеше ай бойы айлығынан артылған ақшаны жинап, мал базарынан жуас ат сатып алды. Қазір ұлымыздың бос уақыты аттың үстінде өтіп жүр. Мақсаттың өзі оған Тайбурыл деп ат қойды. Қазір Тайбурылына мініп, достарының көмегімен тай көкпарда салым сала бастады, - дейді ол.

Мақсаттың аты
Фото: видеодан алынған скрин

Боранды күні ауыстырылған бүйрек

14 жастағы Анель Днекешеваның оқиғасын Kazinform былтыр жазған. Балалық шағының 2 жыл 4 айын үздіксіз ауруханада өткізген науқас Жаңа жылдың шырша мерекесінде өзіне жаңа бүйрек тілейді. Сол тілегінің орындалған сәті де қызық. Тура бір жылдан кейін 30 желтоқсанда донор табылады. Күту парағына Анельден бұрын тіркелген науқас күн райының кесірінен жете алмай, кезек тиеді. 1980 жылғы марқұмның туыстарының кеңпейіл ниетінің арқасында 5 бірдей науқас өмірін ұзартуға мүмкіндік алады. Боранда ұшақ ұшпай, Павлодардағы донордың ағзасы Астанаға пойызбен 14 сағатта жеткізіледі.

Анельдің қазіргі жағдайын білу үшін анасына хабарласқанбыз. Былтыр қызының суреті БАҚ пен әлеуметтік желіде тарағаннан кейін қатты ауырғанын айтып, бұл жолы суретін жарияламауымызды өтінді. Анель Kazinform арқылы қазақстандықтарға жаңа жылға тілегін жеткізуімізді өтінген.

«Сәлеметсіздер ме? Мен, Днекешева Анель, сіздерге өз қолдауымды және халімді білдіргім келеді. Бұйырса 31 желтоқсанда бүйрек ауыстырғаныма 1 жыл болады. Қазір менде бәрі жақсы, бүйрегім жақсы істеп тұр, анализдерім де ойдағыдай. Дәрінің бәрін уақытында ішіп жүрмін.

Маған тілекші болған барша жанға алғысым шексіз. Сіздерді келе жатқан 2025 жылан жылымен құттықтаймын! Жаңа жылда сіздерге денсаулық, мол бақыт тілеймін! Қуанышты күндеріміз көп болсын! Ем қабылдап жатқан жандарға, шыдамдылық тілеймін, Алладан үміттеріңізді үзбеулеріңізді сұраймын. Жаңа жылда ғажайыпқа және қуанышқа толы күндеріңіз көп болсын. Ізгі ниетпен Анель», - деп жазады қайсар қыз.

хат
Фото: Kazinform

Ахмет Байтұрсынұлының жиені

Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Байсалованың жайсыз баспанада тұрып жатқанын ең алғаш Алаш ардақтысының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Kazinform жазған еді

Ғалымның еңбектері мен шығармаларын академиялық басылымға даярлаған топтың жетекшісі, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова редакциямызға берген сұхбатта қазақтың қалталы азаматтарына үндеу де тастаған еді.

Кейін ол мәселені Egemen Qazaqstan газеті көтерді. Күзде көтерілген мәселе желтоқсан айында шешімін тауып, 17 желтоқсанда Алматыдан ақжолтай хабар жетті. Қайырымды жандар ұлт ұстазы ұрпағының жаңа пәтерге кіруіне ықпал еткен болатын. 2023 жылдың қаңтарында Айман Байсалова су жаңа баспанасына кіріп, Ахмет атасына құран бағыштағанын естіп, қуандық.

Айман Байсалова
Фото: Пәтерді өз атына рәсімдетіп отырған сәті. А. Ісмақованың жеке мұрағатынан

Асылдың сынығына сол үйдің қаншалықты жайлы баспана болғанын білу үшін қолындағы қызы арқылы телефонмен тілдескенбіз. Айман апамыздың үні екі жыл бұрын Алматыда жолыққан кездегіден шаршаңқы, бәсеңдеп қалғандай естілді. Сөйлесе келіп, үні бәсең тартқанымен, көңілі ойдағыдай екеніне көз жеткіздік.

- Жаңаның аты жаңа емес пе? Бұрынғы пәтеріміз ескі әрі ең үстіңгі қабатта болғандықтан шатырдан су таматын. Мына пәтер жылы. Ауласы да тыныш. Өңшең отбасылы адамдар тұрады. Тура жанымызда дәріхана бар. Қызым қолыма келген, бүкіл күтімім соның мойнында. Игіліктің ерте-кеші жоқ. Ахмет атамның рухын құрметтеп, ұрпағы ретінде көмек қолын созған, осы пәтердің берілуіне тікелей себепкер болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын. Қазір сол адамға өз баламның тілеуін тілегендей тілекші болып отырмын, - дейді Айман апа.

Айман Байсалова
Фото: Ахмет атасына дұға бағыштаған сәт. А. Байсалованың жеке мұрағатынан

Біз оқиғасын баяндаған үш адам да Президенттің жариясыз жасаған жақсылығын көрген жандар. Біріне тікелей өз қолымен көмек берсе, біріне жылы сөзімен демеу болған.

Ал еліміздің түкпір-түкпірінде ешкімге жар салып, жария етпей-ақ, қолындағы аз ғана дүниесін бөлісіп, қамқорлық жасап жүрген отандасымыз қаншама? Қазақ халқының бойында бір-біріне деген қамқорлығы, жалпы адамзатқа деген мейірімі жойылмағанын жылдың басындағы тасқын кезінде өз еркімен елге көмек қолын созған белсенділер, кеше ғана Ақтау түбінде болған ұшақ апатынан кейін қан тапсыруға кезекке тұрған маңғыстаулықтар тағы бір дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар