Жарты жылда 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері елімізде 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш 6,6 пайызға артты. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

жилье
Фото: Астана әкімдігі

- Тұрғын үй саласындағы биылғы жоспар – 19, 2 миллион шаршы метр баспана салу болып белгіленді. Жарты жылда 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш 6,6 пайызға артты. Бұл бағытта еліміздің 18 өңірінде оң динамика байқалып отыр. Тұрғын үй саясаты оң өсім көрсетіп отырған өңірлер қатарында Түркістан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу облысы мен Шымкент қаласы бар. Абай және Қарағанды облысында төмен көрсеткіш байқалады. Құрылыс қарқынының төмендеуі жобалық-сметалық құжаттаманы түзету мен ипотекалық бағдарламалар көлемінің қысқаруы сияқты факторлармен байланысты, - деді Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.

Министр келтірген мәліметке сәйкес, биыл 6 айда жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 3,3 триллион теңгеге жетіп, 18,4 пайыз артты.

- Тек Атырау облысында теріс динамика тіркелді. Оған себеп Теңіз кен орнындағы «Болашақ кеңейту» ірі жобасының аяқталуы. Дегенмен облыстағы құрылыс көлемі Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан кейін төртінші орында тұр. Қалған 19 өңірде оң өсім қарқыны сақталып отыр. Жалпы құрылыс саласы 2010 жылдан бері орташа 7 пайыз өсімді көрсетіп келеді. Ал соңғы екі жылда құрылыс көлемінің өсімі 115 пайыздан жоғары болып отыр. Бұл индустрия, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыстағы белсенділіктің нәтижесі. Биыл да осы қарқынды сақтап қалуды жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Бұған дейін Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевты сынға алған еді. 

Соңғы жаңалықтар