Жарты жылда бейімдеу орталықтарының қарауында 3,8 мыңнан астам бала болды
Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Ержан Жиренбай осылай мәлім етті.
«Қазақстанда қазіргі кезде 18 Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары жұмыс істеуде. Бүгінде осы орталықтар елімізде жеткілікті деп пайымдаймыз. Биылғы жылыдың 6 айында орталықтың байқауында 3838 бала болды. Оның ішінде 487-сі ата-анасының қамқорлығынсыз, 3254-і қараусыз және панасыз қалған балалар»,-деді ол.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2015 жылдың алты айында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқық бұзушылық 28,5 пайызға (2014 ж. 6 айдағы 3908-ден 2015 ж. 6 айда 2705-ке дейін) төмендеді. Сонымен қатар зорлық-зомбылықты құқық бұзушылық 9,2 пайызға азайған.
Айта кетейік, бүгінде балалардың құқықтарын қорғау саласында 400-ге жуық қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар белсенді жұмыс істеуде.