12:01, 18 Шілде 2022 | GMT +5
Жарты жылда елімізде 30 мыңға жуық шетел азаматы жауапқа тартылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жарты жылда елімізде 30 мыңға жуық шетел азаматы жазаланды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылғы 6 ай есебі бойынша 29 951 шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылды», - делінген ведомствоның ҚазАқпарат агенттігіне берген мәліметінде.
Атап айтқанда, биыл 2022 жылы 27 маусым мен 4 шілде аралығында осы бағытта жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Полиция қызметкерлері шетелдіктер көп болатын құрылыс объектілерін, базарларды, заңсыз жұмысқа алатын ұйымдар мен жұмыс берушілердің нысандарын тексерді.
Операция кезінде 12 288 көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде 8 441-і шетелдіктің мемлекетте болу мерзімін бұзу, 3 718-і шетелдікті жұмыс күшін заңсыз тарту жағдайларына қатысты деректер.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді елден шығару туралы 969 сот шешімі шығарылды.