«Жарық керуені»: сириялық босқындар Түркиядан ЕО-ға көші-қон шеруін жоспарлап отыр

АММАН. ҚазАқпарат – Түркиядағы сириялықтарды Еуропаға бағыт алатын шеруге қатысуға шақырған «Жарық керуені» онлайн-науқаны желіде кең таралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жарық керуені»: сириялық босқындар Түркиядан ЕО-ға көші-қон шеруін жоспарлап отыр

Науқан Telegram мессенджеріндегі арна арқылы үйлестірілген, оған 85 мыңға жуық адам қосылып үлгерді.

Шекарадан жаяу өтетін болғандықтан, акцияны ұйымдастырушылар мигранттарды шатырлар мен қажетті заттарын дайындауға шақырды. Керуен 50 адамнан тұратын топтарға бөлініп, әрқайсысына жауапты адам жетекшілік етеді.

Науқанның желідегі парақшасында Еуропа елдерімен шекараға қарай керуен қозғалысының басталу күні мен уақыты туралы ештеңе айтылмаған.

Ұйымдастырушылар өздерінің аттарын жарияламай отыр және Еуропадағы құқық қорғау ұйымдарына Түркиядан Еуропаға қоныс аударуды жеңілдету туралы өтінішпен жүгінген.

«Біз, түрік жеріндегі сириялықтар, осы жақтағы босқындарға қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Біз халықаралық және құқық қорғау ұйымдарынан, сондай-ақ БАҚ өкілдерінен көмек сұраймыз», - делінген акцияны ұйымдастырушылардың мәлімдемесінде.

Олар сондай-ақ, өз жазбаларында «түрік халқы мен мемлекетіне ризашылықтарын» білдірген. Енді олар Түркияның сириялықтарды қабылдаған он жыл бойғы «ауыртпалығын жеңілдетуді» қалайды. Бұл үшін, ұйымдастырушылардың айтуынша, олар Еуропаға жетуге көмек керек.

Түркиядағы көптеген сириялық босқындар, әсіресе Түркияның жақында Дамаскіге қатысты көзқарасы өзгергеннен кейін және ресми тұлғалардың, соның ішінде Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлудың Сирия режимімен татуласу және екі тарап арасындағы саяси қарым-қатынасты реттеу туралы мәлімдемелерінен кейін, өздерін кері қайтарады деп қорқады.

«Осы уақытқа дейін біз колоннаның өтуіне ресми рұқсат алған жоқпыз, өйткені оның басталу күнін белгілеген жоқпыз. Біз колоннаның өтуін жеңілдету үшін рұқсат сұрап жатырмыз», - делінген ұйымдастырушылардың Facebook-тегі ресми парақшасында.

Ал, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы сириялық босқындарға Болгария немесе Греция арқылы Түркиядан Еуропаға жетуді жоспарлап отырған керуенге қосылмау қажеттігі, мұның салдары күрделі болуы мүмкіндігі туралы ескертті.

Бүгінде БҰҰ мәліметтері бойынша Түркияда ресми түрде 3,6 млн сириялық босқын тұрып жатыр.




Фото: elaphjournal.com