Жарылғыш зат туралы ақпаратқа байланысты астанадағы сауда орталығынан адамдар эвакуацияланды

«29 наурызда сағат 13:39-да «102» арнасына «Сарыарқа» сауда және ойын-сауық орталығының жұмыс нөмірінде белгiсiз ер адам қоңырау шалып, 8 минуттан кейін жарылыс болатынын хабарлаған. Оқиға орнына шұғыл қызмет шықты. Тексеру барысында жарылғыш құрылғы және басқа да күдікті заттар табылған жоқ», - делінген хабарламада.
Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, ғимараттан 350 адам эвакуацияланды.
«Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауаптылықты көздейді», - дейді ведомстводан.
Сондай-ақ, ресми хабарламада жарылғыш зат туралы хабарлаған адамды анықтау шарасы жүріп жатқаны айтылған.
Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жарылғыш зат туралы жалған хабар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.