Жас ана мен сәбиді құтқарып қалған дәрігерлер өздері жол апатына ұшырады - БҚО

Бөрлі аудандық орталық ауруханасының директоры Алтай Алдоңғаровтың айтуынша, ақсайлық дәрігерлер Шыңғырлауға ота жасауға жиі барады. Бұл жолы, 6 наурызға қараған түні аталған дәрігерлер Оралдан шақыртылған санавиациядан бұрын жетіп, толғағы ерте басталған келіншекке ота жасауға бірден кіріседі. Бәрі сәтті аяқталып, дүниеге тоқпақтай ұл бала келеді. Таң ата ота бітісімен жолға кері шыққан «Жедел жәрдем» машинасы сағат 10.00 шамасында Бөрлі ауданы Березов ауылы тұсында қарсы келе жатқан «УАЗ» автокөлігімен соқтығысады. Бұған жолдың тайғақтығы себеп болады. «УАЗ»-дың жолаушылары жеңіл жарақаттанса, дәрігерлер мен «Жедел жәрдем» жүргізушісі Кунусов ауруханаға жатқызылды. Бірінің жамбасы сынып, миы шайқалса, жүргізушінің аяғы сынған. Олардың үшеуі де қазір ауруханада әріптестерінен ем алуда. «Қазір тәуірмін. Тез тұрып кеткім келеді. Бірақ әлі біраз уақыт таяққа сүйенуге тура келеді. Келесі күні жас босанған ананың жағдайын сұрап білдім, бәрі жақсы екен», дейді акушер-гинеколог Д.Миндеева.