Жас буын Елбасының мақаласын талдауда

Шоқтығы биік ұлы тұлғаның биыл 300 жылдығы аталып өтілетін Абылай ханға арналған Елбасының мақаласы қоғамда кең таралып, қызу талқыға түсті, деп хабарлады Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторы.
Дөңгелек үстел барысында жастар Абылай ханның өз заманының аса көрнекті тұлғасы болғандығын, аңсаған армандарының барлығына дерлік бүгінгі таңда еліміз қол жеткізіп отырғандығын баса атап өтті. Егемендікті, тәуелсіздікті, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттау мақсатында өткізіліп отырған бұл жиын жастардың санасында жақсылыққа ұмтыларлық із қалдырғаны анық. Елбасы мақаласының басты идеясы «ұлт бірлігі - игілік кепілі» екендігі, Абылай ханның Бурабайда үш жүздің басын қосып, қазақ халқы егемендігінің негізін қалағандығын жастар мақтанышпен айтып, «Шоқтығы биік ұлы тұлғаға 300 жыл» және «Тарих-тағылым» атты баяндамаларын оқыды. Жиынға қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Айдар Садырбаев қатысты. Ол дөңгелек үстелдің нәтижелі болуы үшін жастарға ұлы тұлға өмірінен қызықты фактілерді, өмірлік кеңестерді айта отырып, , талқыланған жайттардың тек сол ортада қалып қалмай, ұлы тұлғалардың өмірі мен баға жеткісіз мұрасын барынша насихаттауға шақырды.
Жастарға әсері мол, үйренері көп Абылайдай тұлғаны үлгі еткен тәрбие мен өнегеге толы жиын осылайша аяқталды.