Жас депутат Асқар Бопылдықов өмірден озды

Асқар Бопылдықов желтоқсанның 27-сінен 28-іне қараған түні сырқаттан қайтыс болған. Әлеуметтік желіде онымен жеке таныс дос-жарандары, белгілі журналистер, облыс жастары «қазақтың ұлтжанды азаматы келмеске кетті» деп, қазақ халқына көңіл айтып жатыр.
«Асқар бұрын қалалық мәслихаттың, кейін облыстық мәслихаттың депутаты болды. Шынымды айтсам, не айтарымызды, не істерімізді білмей отырмыз...Төбемізден жай түсірген ақпарат болды. Асқар кеше түнде қайтыс болды. Бұрыннан сырқаттанған екен, бірақ ауру қыркүйек-қазан айларынан бері асқынып кеткен тәрізді. Қазір Асқардың денесі Ақжайық ауылына (8-ші ауыл - агенттік) жөнелтілді. Оның арғы күні - 30 желтоқсанда намазы. Сол күні Асқарды жер қойнына тапсырамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісімен телефон арқылы әңгімелескен Атырау облыстық мәслихатының аппарат басшысы Ержан Түркістанов.
«Бауырым-ай. Бір білдірмедің ғой. Қимаймын. Шетелге кеткен соң көптен бері кездесе алмай жүр едік... Қандай қайсар, мінезді жігіт едің. Алғаш танысқанда-ақ құрметім ерекше болды. Өзіңдей мемлекетшіл азаматтар елімізге керек-ақ еді, керек. Жасына қарамастан ірі, тұлғалық сөздер айтатын еді. Үлгі еді ғой. Жастар мәселесіне қатысты ақылдасып тұрушы едік, жоспарымыз да біраз еді...»,-деп жазды марқұмның досы, қазір шетелде білім алып жүрген журналист Руслан Желдібай.
«...Қысқа ғана уақытта қалалық мәслихат депутаты қызметін абыроймен атқарып бітіріп, түйеде қом, атта жалсыз-ақ облыс мәслихатының депутаты болып еді. Сөзі мен ісі қатар жүретін. Көптен күткен ұлы той, шаңырақты болғанына да қуанғанбыз. Оның әрбір қуанышына шаттанып отыратынбыз...»,-деп жазды блогер Тимур Бектұр.
Асқар Төребай 1984 жылы дүниеге келген. Үйленген, балалары бар. Жуырда, 20 желтоқсан күні 32 жасқа толған екен. Марқұм «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы болған. Өңірдегі діни ахуал жайлы көп ой айтып, жер реформасы жөніндегі комиссия отырыстарында да қазақтың жері туралы келелі ойлар айтқан.
Достары Асқар Бопылдықовтың дін туралы айтқан мына қысқа баяндамасын әлеуметтік желіде таратып жатыр.