Жас домбыра шеберлері бақ сынады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қосшы қаласында жас домбыра жасау шеберлері бақ сынады. Қосшы қаласы әкімдігі мен Саз аспаптар шеберлері одағы республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен 18–35 жас аралығындағы шеберлер қатысты.
– Бұл байқауға еліміздің барлық аймағынан 38 адам қатысып жатыр. Әсіресе Алматы қаласының шеберлері өте белсенді. Алматы, Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана, Шымкент қалаларындағы шеберлер жиналды, – дейді Саз аспаптар шеберлері одағы РҚБ төрағасы Еркебұлан Қайназаров.
Жарыстың тағы бір ерекшелігі – шеберлер домбыраны тек ел төңірегінде өсетін ағаштардан жасаған.

– Байқауда домбыраны 2 критерий бойынша бағалап жатыр. Біріншісі – дыбысы мен тембрі және дизайны. Негізгі басымдық қазақы қоңыр үнге беріледі. Конкурстың негізгі талаптарының бірі – домбыраның материалы жергілікті ағаш болуы керек. Себебі кәдімгі өзіміздің қазақтың кең даласының кез келген түпкірінде өсетін ағаштан домбыра жасап, соны айналымға енгізу керек. Оның дыбысын тыңдаған кезде кәдімгі өзіміздің қоңыр үнге қайтып келгендей болып жатырмыз, – дейді одақ төрағасы.
Басты себеп сырттан келетін ағаштар қазақы домбыраның қоңыр үнін жеткізе алмайтынында екен.

– Көбіне жаңғақ, бұйра жаңғақ ағаштарынан жасалған домбыралар келді. Жиде, үйеңкі де кездесті. Жеміс ағаштарына өрік, алма, алмұрт ағаштары бар. Қайың ағаштарымен жасалған домбыралар келіп жатыр. Сондай-ақ қара ағаштың тамыры да кездесті. Әдетте шетелден келген ағаштан жасалатын домбыралар темір дыбыс береді. Біз оларды айналымнан шығарғымыз келіп жатыр. Ол ағаштар акустикалық жағынан мүлде басқаша болып кетеді. Өйткені олар гитара жасайтын тығыз әрі өте қатты ағаштар. Олар біздің қоңыр үнімізді өзгертіп жібереді, – дейді Еркебұлан Қайназаров.
Ал қазылар алқасы жас шеберлердің жұмысын жоғары бағалап отыр.

– Жас шеберлер арасындағы байқау Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді деп отырмыз. Байқаудың негізгі мақсаты – жастарды осы салаға тарту. Басты мәселе – орын алу емес, тәжірибе алмасу. Ата кәсіппен айналысып, шеберліктерін көрсетіп жүрген жақсы жастар бар екен, – дейді қазылар алқасының төрағасы Сұлтан Жақсылықұлы.
Байқау қатысушыларының ең жасы – 20-да. Ерман Дәулет сайыста бақ сынау үшін Шымкент қаласынан арнайы ат арытып келіпті.
– Домбыра жасаумен бала кезден айналысамын. Әкем де домбыра жасау шебері. Бала кезде майда жұмыстардан бастап үйрендім. Кейін ірі жұмыстарға ұласып, арғы жағы кәсіпке айналып жатыр. Қазір домбыра жасау кәсібінде жүргеніме 4 жыл болды. Байқауға қатысудағы мақсатым – тәжірибе жинау. Өзімде қандай кем-кетік бар? Кімнен қандай жақсы білім үйрене аламын? Сол үшін келдім, – дейді жас домбыра жасау шебері.
Бүгінгі байқау туралы сенатор Дархан Қыдырәлі де оң пікір білдірді.
– «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз ғой. Бірақ сол домбыраны жасаушы шеберлердің жай-күйі қалай деген сұрақ біраздан бері қоғамды толғандырып жүрген. Бұл туралы біз арнайы депутаттық сауал да көтерген едік. Бұл жарысқа, біріншіден, жастардың келіп жатқаны қуантады. Біздің елімізде осы домбыра жасау шеберлігіне бет бұрған көп жастар бар екен. Бұл тек Қосшы не Ақмоланың ғана емес, бүкіл еліміздегі жас шеберлерге серпін беріп, ынталандыратын, домбыра шеберлігін жаңа деңгейге көтеретін үлкен байқау болады ғой деп үміттенемін, – дейді депутат.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені алматылық шебер Мөкүш Айтуар жеңіп алды. Бірінші орынды Астана қаласының өкілі Арғынов Бабыр иеленді. Екінші орын қызылордалық Альпаш Ұлықбекке бұйырды.
Үшінші орын екі қатысушыға берілді. Атап айтқанда, алматылық Асанхан Тотай мен Мамыт Мейрамбек жүлделі орыннан көрінді. Ал арнайы жүлделерге Астана қаласынан Әбілхан Әділетхан, алматылық Жаманбалинов Асылан мен Акымжан Саят ие болды. Сондай-ақ, байқауға қатысқан өзге қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, Наурыз мейрамында 11 мың домбырашы Қазақстан рекордтар кітабына жаңа жетістік енгізбек.