Жас кәсіпкерлерге арналған «Startup «Bolashak» стартап-жобалар байқауы жарияланды
Байқаудың мақсаты жас қазақстандықтардың кәсіпкерлік бастамаларын кеңінен қолдау болып табылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Болашақ» қауымдастығының төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
«Бүгін біз «Startup «Bolashak» жобасын іске қосып отырмыз. Жалпы кәсіпкерлерді қолдау, соның ішінде жастар кәсіпкерлігін дамыту - Елбасы Н. Назарбаевтың ұдайы көтеріп жүрген бастамасы. Сондықтан да, бұл мәселеге жіті көңіл бөлінуде», - деді брифинг барысында Қ. Бишімбаев. Оның айтуынша, «Болашақ» қауымдастығының базасында жарияланғанына қарамастан конкурсқа «Болашақ» бағдарламасының түлектері ғана емес, барлық қазақстандықтар атсалыса алады. «Байқауға Қазақстанның 18-29 жас аралығындағы барлық жас кәсіпкерлері қатыса алады. Стартап-жобалар байқауы «Болашақ» қауымдастығының 3 грантын көздейді, I орын 7 млн. теңге, II орын 5 млн. теңге және ІІІ орын 3 млн. теңге, сондай-ақ 10 млн. теңге «BI Group» холдингінен гранттар», - дейді қауымдастық басшысы.
Мұнымен қоса, байқауға қатысушылар инвесторлар тарапынан қаржылық қолдауға ие болып, «Даму» қорының құралдарын пайдалану арқылы төмен пайызбен несие, сондай-ақ Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің инновациялық гранттарын алу мүмкіндігіне қол жеткізе алады.
Әлеуметтік инвесторлар ретінде өз қатысуын «BI Group» холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев, «Atasu Group of Companies» ЖШС бас директоры Марат Жұман, «Sheberbuild» ЖШС-нің қадағалау кеңесінің төрағасы Ералы Сауранбаев растады.
Байқауға қатысуға өтінімдер қабылдау 20 қыркүйекке дейін «Бәйтерек» холдингініңбарлық өңірлік кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында қабылданады. Жеңімпаздардың аты-жөні 21 қарашада бизнес-жоспарлар марафонында белгілі болады. Тұтастай алғанда,«Startup «Bolashak» байқауы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қазылар алқасы 20 барынша қызықты бизнес-жобаларды таңдайды. Аталған идеялардың авторлары тренингтер мен білім беру семинарларынан өтеді. Екінші кезеңде комиссия 10 үздік жоба кеңесшілер мен кәсіби менторлардың қолдауымен бизнес-жоспарларды әзірлеуге кіріседі.
Байқаудың серіктестері мен ұйымдастырушылары: «Болашақ» қауымдастығы, «Бәйтерек» холдингі, «Даму» қоры, «ТДЖҰА» АҚ,«Сбербанк» АҚ ЕБ,«BI Group» холдингі, «Atasu Group of Companies» пен «Sheberbuild» компаниялары және Астана қаласының әкімдігі болып отыр.